Жуырда “Солтүстік – 2020” ауыл спорты мерекесінде он үш ауданнан жиналған 400-ден астам спортшы шайбалы хоккей, футзал, шаңғы жарысы және шорт-трек бойынша үздіктерді анықтаған болатын. Дәстүрлі додада Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Әсіресе, хоккей құрамасы алдына жан салмады.
Тынымсыз тірлікке негізделген ауыл тұрмысы баланы ес білгеннен бастап еңбекке араластырып, шымыр қылып өсіреді. Саршұнақ аяз бен аптап ыстықта ысылып өскен олардың бойында күш-қуат мол, қандай сынға да төзімді. Хоккейден аудан құрамасының капитаны Владимир Дудин де ауылдан шыққанын мақтана айтады.
– Мектеп қабырғасынан-ақ жазда доп қуаладық, қыста аяққа коньки байлап, айдында жүрдік. Екі жыл бұрын маған команданың капитаны атану бақыты бұйырды. Жігіттер мені мұз үстінде қалай сыйласа, өмірде де солай құрметтейді. Шамам келгенше өзімнен кейінгі жас хоккейшілерге үлгі болғым келеді, – дейді Владимир Юрьевич.
Владимир Дудин 1984 жылы Червонное ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түсіп, жаттықтырушы мамандығын меңгереді. Кейін ауыл мектебінде үш жыл жұмыс істеп, 2010 жылы аудан орталығына қоныс аударған. Батылдар ойыны – хоккейге деген қызығушылығының арқасында екі жылдан соң аудан командасының қатарына қосылады.
Команда капитанының айтуынша, қысқы спорт түрлерінің ішінде ең танымалы – шайбалы хоккей. Тәуелсіздік алғаннан бері жан-жақты қолдаудың арқасында ауылда да хоккей дами бастады. Аудан әкімшілігі, жергілікті кәсіпкерлер бұл спорттың қанатын кең жаюына өзіндік үлестерін қосуда. Мектеп ауласында, ауылдарда хоккей қорапшаларын салу үрдісі қолға алынған. Аудан командасы “Солтүстік” ауыл спорты мерекесіне 2002 жылдан бері үзбей қатысып келеді. Әзірге жүлдесіз қайтқан күндері болған емес.
Хоккейшілер Новоишимка ауылындағы “Жастар” стадионының жанындағы жабық хоккей кортында аптасына үш рет жаттығады. Базаның ішінде киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар, қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған.
– Біз әуесқой команда болғандықтан, ойыншы жетпей жататын күндеріміз болады. Себебі, әрқайсымыздың хоккейден бөлек негізгі жұмысымыз бар. Кейбірінің жаттығуға келуге де қолдары босамай жатады. Командада хоккей десе ішер асын жерге қоятын азаматтар жиналған. Олардың әрқайсысы саламатты өмір салтын насихаттап жүр. Біздің хоккейшілерімізді аудан тұрғындары жақсы таниды. Себебі, біз облыстағы ең мықты аудандық командалардың біріміз, – дейді Владимир Дудин.
Бір атап өтерлігі, спартакиадада топ жарған команданың құрамында негізінен аға буын өкілдері ойнайды. Мәселен, команданың бұрынғы капитаны Юрий Грибов қырықты артқа тастаған азамат. Ол жарыстардан бір қалған емес. Қақпашы Сергей Капитонов 57-де. Сондай-ақ, Кенже Мұстафин, Василий Дудин, Александр Ющенко және Виктор Рязанцев сынды ойыншылар 1960-1970 жылдары туғандар. Олар әлі де мұз айдынына шығып, аудан намысын абыроймен қорғап жүр.
Былтыр аудан хоккейшілері барлығы 18 сайысқа қатысқан. Ақмола мен Қостанай облыстарында өткізілетін жарыстардың ұйымдастырушыларынан да шақыртулар түседі. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты бұл жарыстардың барлығына бірдей қатыса алмай отырған жайы бар.
– Біз былтырғы спартакиадада шайбалы хоккейден жалпыкомандалық екінші орынға ие болған едік. Сондықтан биыл жеңіс тұғырынан көріну үшін барымызды салдық. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Жерлестеріміздің сенімін ақтауды өзімізге міндет санаймыз. Ауданда хоккейді дамыту оңай емес. Мол қаржы, қолдау қажет, – деді хоккейші сөз соңында.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.