Петропавлдағы Спорт сарайында түнгі хоккей лигасы басталды. Өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл спорттық шараға мемлекеттік қызметшілерден, кәсіпкерлерден және кәсіпорындардың қызметкерлерінен жасақталған сегіз әуесқой команда қатысуда.
Шараның салтанатты ашылуы барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов біріншіліктің қызықты әрі тартысты сәттерге толы болатынына сенімді екенін жеткізді.
– Біздің облысымызда шайбалы хоккейдің дамуына көп көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда “Құлагер” хоккей командасы ел біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп жүр. Клубтың ойыншылары халықаралық жарыстарда да жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Команда мүшелері Александр Нурек, Максим Волков пен Ильгиз Нуриев қысқы Азия ойындарында алтыннан алқа тағынды. Құлагерліктер екінші жыл қатарынан ел кубогының иегері атанды. Жерлестеріміздің жеңістері жергілікті хоккейдің дамуына серпін беруде. Бүгіндері “Құлагер” командасының жанынан жас хоккейшілерді баптайтын арнайы топтар ашылуда. Алдағы уақытта бұл жастар да ағаларының жеңісті жолдарын жалғастырары сөзсіз, – деген Құмар Іргебайұлы көрермендерге жақсы ойын, ал хоккейшілерге жеңіс тіледі.
Біріншілік “Қызылжар” мен “Сокол” командаларының кездесуімен басталды. Мұз айдынына шыққан қос команда ойыншылары жеңіске жету үшін барын салды. Дегенмен, бұл жолы “Қызылжар” хоккейшілерінің мысы басым болды. Жылдам әрі нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен кездесу 7:1 есебімен аяқталды. Айдын иелерінің сапында ойнаған өңір басшысы Құмар Ақсақалов дубльдің авторы атанды.
Кездесуден кейін облыс әкімі жергілікті журналистерге берген сұхбатында әруақытта да саламатты өмір салтын ұстанатынын, хоккей ойнауды мектепте оқып жүрген кезден бастағанын айтты. Адам ағзасы үшін спорттың пайдалы әсерін тілге тиек еткен Құмар Ақсақалов команда мүшелерінің түнгі хоккей лигасына дайындық барысында мұз айдынына күнде келіп, тынымсыз жаттығу жасағандарын атап айтты.
Бір атап өтерлігі, түнгі хоккей лигасы көрші Ресейде ерекше танымал жарыс. Алдағы уақытта бұл дода біздің өңірімізде де дәстүрлі сайыстардың қатарына қосылуы мүмкін.
Желтоқсан айының ортасына дейін жалғасатын біріншілік барысында “Қызылжар”, “Авангард”, “Автомобилист”, “Добрая рать”, “Ирбис”, “Легион”, “Сокол” және “Құлагер – 2002” командалары сынға түсетін болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.