Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Холокост құрбандарын еске алу шарасы өтті. Атаулы күнге орай музейде көрме ұйымдастырылды.
Облыстық мәдениет басқармасы мен Қазақстандағы Ресей Елшілігі, Мәскеу қаласындағы «Холокост» ғылыми-ағарту орталығының қолдауымен ұйымдастырылған көрмеде Ресей, Швейцария, Франция және Украина музей қорларынан 70-тен астам бірегей фотосуреттер, суреттер мен құжаттар көрсетілді.
Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Алексей Коропченко Освенцим (Аушвиц) нацистік өлім лагерінде мыңдаған еврей құрбан болғанын жеткізді. Оның айтуынша, 1945 жылы 27 қаңтар күні Кеңес Әскері ірі нацистік Освенцим-Биркенау ажал лагерін азат еткен. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамлеясының шешімімен Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні бекітілген болатын.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, 1933-1945 жылдар аралығында Еуропадағы еврей халқының 60 пайызы қысым көрген. Олардың ішінде әйелдер, балалар мен қарттар болған. Түрлі статистика бойынша Освенцимде 1,5-нан 4 миллионға жуық адам мерт болған. Еврейлермен қоса поляк, сыған, Еуропа елдерінің азаматтары мен Кеңес Одағының мыңдаған әскери тұтқыны азапталған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшада Белжец, Дахау, Майданек, Бухенвальд, Собибор, Треблинка сынды бірқатар нацистік лагерьлер жұмыс істеген. 1947 жылы бұрынғы фашистік концентрациялық лагерь «Освенцим – Биркенау» орнында музей құрылды. Ол 1979 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілді. Осындай тарихи мәліметтермен танысқан қатысушылар қанды кезең көріністерінен сыр шертетін фотосуреттер мен құжаттарды тамашалап, қаралы жылдар шежіресі мен зұлмат заманның қасіреті санадан өшпейтініне тағы бір мәрте көз жеткізді.