Халқымыз “Уақыт – ұшқыр” деп тектен-текке айтпаған. Шынымен де, өткен күндердің ізіне зер салсақ, біз жылдан-жылға аяңдап емес, адымдап алға басып жатқанымызға көз жеткіземіз. Осыдан он, тіпті, бес жыл бұрынғы уақытпен салыстырар болсақ, біздің еліміз ғана емес, жер жүзі адам танымастай өзгеруде. Сондықтан ұрпағымыздың адасып қалмауы үшін және баянды болашағына арналған нақты бағыт-бағдар, айқын жол керек. Бұл орайда, қазақ халқы өзінің басшысына, яғни Президентімізге арқа сүйейді. Елбасының “Егемен Қазақстан” газетінің биылғы жылғы 12 сәуір күнгі санында жарияланған “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы Қазақстан халқының ертеңгі күнгі өмірінің жоспары іс-петті.
Өзім мұғалім болғандықтан, ең алдымен, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мен білім саласын жаңғыртуға бағытталған бастамаларға зер саламын. Бұл мақалада ұлттық болмысымыздан айрылып қалмау үшін нақты атқарылар жұмыстар жіліктелген екен. Халқымыздың тағылымы мол тарихы, салт-дәстүрі бағзы заманнан бері ел-жұртпен бірге жасап келеді. Алдағы уақытта да өркендеудің берік діңгегіне айналатын болады. Ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалу үшін Мемлекет басшысы еліміздің әрбір азаматының санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын ұсынып отыр.
ХХІ ғасыр – жаһандану заманы. Сондықтан компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу – өскелең ұрпақтың ертеңі үшін ауадай қажет алғышарт.
Мен 9 “б” сыныбының жетекшісімін. Төрт жылдан бері бұл сынып оқушыларына қазақ, орыс, ағылшын тілдері тереңдетіліп оқытылуда. Білім ордасының бетке ұстар балаларына айналған менің оқушыларым қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі түрлі байқауларда топ жарып жүргенін мақтанышпен айта аламын. Математика ғылымын терең меңгеруге ұмтылыс танытқан оқушыларым да аз емес. Сондықтан Елбасы мақаласында айтылған “Білімнің салтанат құруы” бастамасын ұстаз әрі ата-ана ретінде құптаймын.
Халқымыз “Көзі ашық, көкірегі ояу” деген тұрақты тіркесті жиі қолданады. Шынымен де, білімді, сана-сезімі терең ұрпақ тәрбиелеудің дұрыс жолы – ол ұлттық құндылықтардан айырмай, бүгінгі өркениет көшіне ілесе отырып оқыту. Бұл орайда, Президенттің “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы білімді жастардың қатарын көбейте түсеріне сенімдімін. Осылайша, гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік берілетін болады.
“Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам”, – деп жырлап өткен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арманы орындалып, бүгінгі күні білімнің қиясына қанат сермеген жастармен орта толғанын көру зор бақыт.
Жанар ӘБІЛОВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-
интернаттың мұғалімі.