Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына орай өңіріміздегі бірқатар мектептердің ұстаздары мен оқушылары, әдебиетке әуес жастар айтулы тұлғаның Петропавлдағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Жамбыл Жабаев – қазақ поэзиясының алыбы ғана емес, “ХХ ғасырдың Гомері” атанған айтулы тұлға. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнда жеткізді. Оның шығармалары қырықтан астам елдің тіліне аударылды. Ақынның жырлары, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыстағы қан майданда күрескен жауынгерлердің қайратын шыңдап, жігерін жаныды.
Шара барысында ақынның артына қалдырған мұрасын зерделеп жүрген өрендер оның өлеңдерін жатқа оқыды. Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясының оқушылары Ақжан Жайлаубай, Базар Батырхан мен Абай Абдралин жүрекжарды өлеңдерін арнады. Ұстаздар мен жас әдебиетшілер ақынның атақты айтыстарының тарихы туралы да әңгіме өрбітті.
Берік ҚАСЕН,
журналист.