
Қазақ тойшыл халық қой. Бұл халқымыздың жомарттығын, жүрегінің кеңдігі мен қолының ашықтығын аңғартады. Кезінде ата-бабаларымыз отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қонағына барын ұсынып, қуанышымен бөліскен. Тіпті, той тойлауға әлемді жайлаған пандемия да бөгет бола алар емес. Шектеулерге қарамастан, астыртын дастарқан жайып, талай адамның басын қосқандар жауапкершілікке тартылып жатқанын естіп жүрміз. Бірақ бұл жолғы әңгіменің жөні бөлек.
Хэллоуин біздің мерекеміз емес. Бізде тойлана бастағанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ қоғамымызға дендеп барады. Дініміз мен ділімізге жат бұл мереке қазіргі Солтүстік Ирландия мен Ұлыбританияны мекен еткен ежелгі келттерде бастау алады. Кейін оған римдіктер қосылған. Христиан діні Еуропаға тарай бастағанда пұтқа табынушылардың мерекесінен түбегейлі арылмақшы болған екен. Дегенмен, қорқыныш мейрамы Батыс Еуропа тұрғындары мен америкалықтардың тұрмысына әбден сіңіп, күні бүгінге дейін атап өтіледі.
Жаhанданудың әсерінен ол Шығыс Еуропа мен ТМД мемлекеттерінің “мерекелер күнтізбесінен” де орын ала бастады. Қазір күздің бір түнін ерекше етіп өткізуге біздің жастар да құмар-ақ. Оған алдын ала дайындалып, кәдімгідей жоспар жасайды. Түрлі костюм киеді. Беттерін бояйды. Биыл да сол әдеттерінен тайған жоқ. Шектеулерге қарамастан тойлаған суреттері әлеуметтік желілерде жүр. Біздің болмысымыздан бөлек, құндылықтарымыздан қашық жатқан бөтен мейрамға жастар неге әуес?
Мерекенің көрігін қыздырып, келушілер санын көбейтпек болған дәмханалар, тіпті, шектен шығып, адам денесін “бөлшектеп”, көшеге шығарып қойған. Дәл осындай сұмдыққа тап болғанын қала тұрғыны Ольга Файзулина былай деп еске алады.
– Жексенбі күні екі жасар қызыммен әдеттегідей балалар алаңына бара жатқан едік. Жолшыбай кездескен хэллоуин декорациясынан бастапқыда бала түгіл, өзім шошып кеттім. Кәуап пісіретін пештен ересектің қан жоса аяқтары салбырап тұр. Маңайдың бәрі қан. Қасында ірі сүйектер шашылған. Дәмханаға кіре берісте “Help” деген сөз бен қолдан қалған қан іздері сайрап тұр. Мұның жай бояу екенін түсінсем де, көрген жайттан денем тітіркеніп кетті, – дейді ол.
Психолог мамандар осы тәрізді қанды картиналар баланың жетілмеген психикасына қатты әсер ететінін айтады. Әсіресе, 6-7-ге толғанда балалар өмір мен өлім сияқты ұғымдарды ажыратады да, зомби, монстр, елес дегендерден қатты қорқатын көрінеді. Ал хэллоуиндегі кейіпкерлер – шетінен жалмауыз не солардың құрбандары. “Осыдан бірер жыл бұрын психологтар бүлдіршіндердің “Монстр Хай” деген мультфильмдерді көргеннен қатты шошынатындарын жаппай сөз еткен болатын. Ол да осы мереке сияқты қорқыныштарға толы. Көп бала көргенінен үрейленіп, түнде шошып оянған. Осындай жағдай өз қызымның басынан да өтті. Сондықтан аталған мультфильмді көруге тыйым салдық”, – дейді психолог Жазира Баукенова. Маманның айтуынша, қорқудан бөлек баланың мінез-құлқының бұзылуы, өзгелерге зорлық жасау, өзіне қол жұмсау да осындай сұмдыққа куәгер болудан туындауы бек мүмкін.
Тағы бір қала тұрғыны жақында әлеуметтік желілерге хэллоуин қарсаңында дүкендердің бірінде сатылып жатқан ойыншықтардың суретін салды. Сөйтсек, пластмасса, силикон сияқты материалдардан жасалған жұлынған саусақ, құлақ, көздер еркін сатылымда жүр екен.
– Баланың үнемі жағымсыз ойыншықтармен, яғни жұлынған дене мүшелерімен ойнағаны дұрыс емес. Мұндай жағдайда олардың дамуында ауытқушылық пайда болуы мүмкін. Ол ата-ананың алаңдауына себеп болуы тиіс. Өйткені, бала жақсы, көңілді ойыншықтармен ойнауы керек. Ересектер көп жағдайда оған мән бере бермейді, – деп түсіндірді психолог маман.
Біз батыстың мейрамының бір салдарын ғана бөліп алып, сөз еттік. Тұңғиығына бойлап, үңіле қарасақ, өзге қауіптері де анықталып қалар. Байқағанымыз, хэллоуиннің өскелең ұрпақ үшін пайдасынан гөрі тереңде тығылып жатқан қауіптері көп сияқты. Сондықтан еліміздің болашағы жастардың саналы болып өскенін қаласақ, ішкі жан дүниелерінің амандығын ойласақ, осы сынды еш тәрбиелік мағынасы жоқ той-домалақты қысқартқанымыз абзал. Керісінше, жастарды жақсылыққа баулитын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін төл мерекелерімізді насихаттау қажет.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.