
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына халықтың көңілі тола ма? Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде пікірлердің 60 пайыздан астамы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің біліктілігінің төмендігіне, олардың санының аздығына және жеделдіктің жоқтығына байланысты болды. Сонымен қатар қызмет ұсынушылардың ғимараттарының ыңғайсыз жерде орналасқанына, мемлекеттік қызмет нәтижесінің қанағаттанғысыздығына, байланыстың нашарлығына, техниканың жұмыс істемейтініне, соның салдарынан кезектің көптігіне қатысты теріс пікірлер де болды. Филиал бөлімдерінің толыққанды жұмыс істеуі үшін ұйымдастыру техникасы мен компьютерлерін жаңарту керектігін сараптама нәтижесі көрсетіп берді. Бұған қоса филиал жұмысында жиі орын алатын кемшіліктер де айтылды.
Қалалық халыққа қызмет көрсету орталығында өткен жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін мұнда филиалдың басқа бөлімдерінен мамандар тартуға, бос орындарға конкурс жарияланғанын әлеуметтік желілер және БАҚ арқылы таратуға кеңес берді. Сондай-ақ, ол «Digital agent” мобильді қосымшасына келіп түскен шағымдарды сапалы әрі уақтылы қарау керектігіне тоқталды. Оның айтуынша, шағымдардың түсуіне филиал мамандарының біліксіздігі себеп. Сол себепті департамент мемлекеттік органдарға корпорация филиалы бөлімдерінде мамандардың тағылымдамадан өтуі туралы ұсыныс енгізді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін филиал бөлімдерінің қызмет көрсетушілермен ынтымақтаса жұмыс істеуі керектігі айтылды.
Филиал директоры Еркін Жұмабай департаменттің барлық ұсыныстары жұмыс барысында ескерілетінін айтып сендірді.
Гүлнәр ЖУСАЛИНА,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.