
Бүгінгі таңда “ақылды технологиялар” адамзат өмірінің барлық саласына еніп, оның ажырамас бөлігіне айналған. Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды көздеген мемлекеттер ұстанатын жаһандық үрдіс. Бұл орайда, телекоммуникация саласындағы еліміздегі көшбасшы компания – “Қазақтелеком” АҚ-ы бұл жұмыстарға бел шеше кірісу арқылы болашақ ұрпақтың табысты өмірінің іргетасын қалауда.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрлы технологиялар заман талабы екенін, олардың қоғам өміріне оң әсер етіп отырғанын, нәтижесінде адамның күнделікті өмірі айтарлықтай жеңілдеп, жаңа сипатқа ие болғанын атап өтті. “Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек. Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Үкімет заңнаманы 5G, “Ақылды қалалар”, “Үлкен деректер”, блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеуі қажет”, – деген болатын. Президент ғылым мен технологияның бүгінгі жетістіктерін барлық салада пайдаланудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Сандық технологияны енгізу біздің облысымызда да сәтті жүзеге асырылуда. Біз өз тұтынушыларымыздың көңілінен шығу үшін заман ағымынан қалмауымыз керек. Компанияның жаңартылған стратегиясы көздеген мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беруде. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде тұтынушылар саны ұлғайып, қызмет көрсету сапасы арта түсті. Ақпараттық технологиялар саласында тұрғындарға жаңа өнім түрлерін ұсынуға жол ашылуда.
Бағдарлама аясында ауыл тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған болатын. Бүгінгі таңда өңірдегі елді мекендердің 82 пайызы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілді. Жалпы 651 ауылдың 147-сі интернетке мыс желілері арқылы қосылса, 116 елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс бар. Ал 386 ауылда сымсыз байланыс технологиясы қолданылады. Енді шалғайдағы ауыл тұрғындары сапалы әрі жылдамдығы жоғары интернеттің игілігін көретін болады. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын өңірімізде жүзеге асыру аясында талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 58 ауылдық округте орналасқан 166 мемлекеттік мекемені кеңжолақты интернетке қосу жоспарланған. Бұл шаралар “2019-2020 жылдары Қазақстанның ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық технология арқылы кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету” жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Былтыр орталық аурухана, аудандық прокуратура, ішкі істер бөлімі сияқты 56 мемлекеттік мекемеге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. “Қазақтелеком” АҚ-ның Солтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы 75 млн. теңге жеке қаражатына 39 ауыл мектебін жылдамдығы жоғары байланыс желісіне қосты. Сөйтіп, кеңжолақты интернетке қосылған мектептердің саны 448-ге жетті. Бұл – жалпы білім ордаларының 94 пайызы. Осылайша, ғаламтордың жылдамдығын 10 Мбит/сек дейін жеткізуге мүмкіндік туды. Солтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы денсаулық сақтау саласына қарасты мекемелерді де кеңжолақты интернетке қосу бойынша жұмыстар жүргізді. Бүгіндері бұл саладағы нысандардың 301-і, яғни 52 пайызы жоғары технологиялардың игілігін көруде.
Бүгінгі таңда еліміздің ірі қалаларында “Smart Sıtу” жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл жоба бір мезетте қаладағы барлық жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тәжірибесіне сүйене отыра жасалған жоба қалалық ортаны қолжетімді және қолайлы ету мақсатында білім беру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, денсаулық сақтау секілді негізгі салаларды қамтиды. Жоба аясында Петропавл қаласында “LPWan” қуат үнемдеу тиімділігі желісінің 14 базалық станциясы орнатылды. Бұл өз кезегінде заманауи бейнекамералар орнату, экологиялық және энергия ресурстарын бақылау және есепке алу, жол трафигін, өрт қауіпсіздігін, көшені жарықтандыру және басқа да “IoT” датчиктерді басқару мүмкіндігін береді.
Көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістерінде түрлі келеңсіз оқиғалар жиі болып жататыны белгілі. Біздің компания қолға алған шаралардың нәтижесінде қызылжарлықтар соңғы екі жылдан бері “Бұлтты бейнебақылау” жүйесінің игілігін көріп отыр. Бүгінгі күні Петропавлдағы 150 көпқабатты тұрғын үйдің кіреберістеріне 1576 бейнекамера орнатылды. Бұл – өте тиімді жоба, себебі, мүлкіңізді, аула мен кіреберісті бақылай аласыз. Камералар түнгі уақытта да сапалы түсіре алады. Өйткені, түнгі түсірілім опциясымен жабдықталған. Үйдегі жарық өшіп қалса да, құрылғы жұмыс істей береді. Түсірілген материалдар лезде ғаламтор арқылы желіге түседі. Ал заңды тұлғаларға “Бизнеске қауіпсіз онлайн бейнебақылау” өнімі ұсынылып отыр. Бұл қызмет арқылы кәсіпкерлер бизнес нысандарын қашықтан бақылай алады. Аталмыш жобаның қоғам қауіпсіздігін сақтау мәселесінде де өзіндік үлесі бар. Өйткені, солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары “Ұрлыққа жол жоқ” және “Қауіпсіз алаң” жобалары аясында орнатылған бейнебақылау камералары арқылы қаланы бір жерден бақылау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Солтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы мен Петропавл қаласы әкімдігі арасында жасалған меморандумға сәйкес 82 нысан полиция департаментінің бейнебақылау жүйесіне қосылған.
Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, цифрлы технологияларды қолдану арқылы қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға жол ашамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғасын табатын болады.
Аслан ЕШМҰХАМБЕТОВ,
“Қазақтелеком” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан жергілікті желілер техникалық торабының директоры.