Бүгінгі таңда “Ақылды технологиялар” адамзат өмірінің барлық саласына еніп, оның ажырамас бөлігіне айналған. Цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды көздеген мемлекеттер ұстанатын жаһандық үрдіс. Осыдан үш жыл бұрын Үкімет “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын бекітіп, негізгі бағыттарды белгілеп бергені белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында цифрлы технологиялар заман талабы екенін, олардың қоғам өміріне оң әсер етіп отырғанын, нәтижесінде адамның күнделікті өмірі айтарлықтай жеңілдеп, жаңа сипатқа ие болғанын атап өтті. “Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек. Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Қазақстан технологиялық серіктестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орналастыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаhандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс”, – деген болатын Мемлекет басшысы.
“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының мақсаты – сандық мемлекетке көшу және халықтың осы саладағы сауаттылығын арттыру. Сандық технологияны енгізу біздің облысымызда да сәтті жүзеге асырылуда. Осы орайда бағдарламаның “Тауарлар мен қызметтер үшін қолданылатын заманауи төлем құралдарын дамыту және арттыру” тармағында атап айтылған екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшасы арқылы коммуналдық қызметтерге төлем жасау мүмкіндігін пайдалануға басымдық берілуде. Бұл, әсіресе, шалғайда орналасқан ауылдар үшін сұранысқа ие қызмет екені сөзсіз. Президент те жылдың басты құжатында мемлекеттік қызметтер мен жалпы экономиканы цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, қандай да бір кедергілер болса, алып тастап, оларды автоматты ету қажет екендігін айтқан болатын.
Бүгіндері Ғабит Мүсірепов атындағы аудан тұрғындары бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесін көріп отыр. Жерлестеріміз үйден шықпай-ақ, салық, банк несиелері, ұялы байланыс, балабақша, Новоишим ауылының өнер мектебі қызметтеріне ғаламтор арқылы төлем жүргізу мүмкіндігіне ие болуда. Алайда, бұған қол жеткізу үшін біраз еңбектенуге тура келді. Себебі, жергілікті тұрғындарға электр энергиясын жеткізуші “Целина-Энерго” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде соңғы уақытқа дейін төлемді қашықтан жасау мүмкіндігі қарастырылмаған болатын. 2018 жылдың қаңтар айында кәсіпорынның басшылығына ауданда бұл қызмет түрін енгізу бойынша депутаттық сауал жолдадық. Өйткені, цифрландырылған жағдайда тұтынушылар төлем қосынында ұзын-сонар кезекте тұрмас еді. Бүгіндері ауданда 6 мыңға жуық адам “Қазақстан халық банкі” АҚ-ның төлем картасын қолданады. Бұл жалпы тұрғындардың 20 пайызы. Яғни, олар электр энергиясының қарызын интернет-банкинг арқылы төлей алады. Сондай-ақ, электронды төлемдерді “Kaspi.kz”, “Касса 24″ қаржы қызметтері арқылы жасауға болады.
2019 жылдың қаңтарында бізге “Солтүстік Энерго Орталық” ЖШС-нің екінші деңгейлі банктермен, “Касса 24″ және “Qiwi” сияқты қаржы ұйымдарымен, “Қазпошта” АҚ-мен төлемдерді қабылдау жөнінде келісімшарттарға отырғаны туралы жауап келді. Ал “РПС Азия” ЖШС-і үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап интернет-банкинг арқылы электр энергиясы үшін төлемдерді жүзеге асыру бойынша агенттік келісімшартқа қол қойды. Бұл ұйым ғаламторда төлемдердің барлық түрлерін және “Қазақстан халық банкі”, “Каспи Банк” АҚ ұйымдары, “Касса 24”, “Qiwi” және тағы басқа мобильдік қосымшалар арқылы да қабылдайды. Енді аудан тұрғындары электр энергиясының төлемдерін мобильдік банкинг арқылы төлеуге көшті.
Электр энергиясын таратушы кәсіпорынның бақылаушылары тек төлем сомасы көрсетілген шот-хабарламаларды ғана таратады. Бұл электр энергиясы үшін ақы төлеу рәсімін жеңілдете түскені сөзсіз. Сонымен қатар “Homebank” АҚ-ның облыстық филиалының басшылығымен интернет-банкинг арқылы электр энергиясына төлем жасау мүмкіндігін енгізуді жеделдету бойынша хат алмастық. Нәтижесінде өткен жылдың соңында www.homebank.kz сайтында “Солтүстік Энерго Орталық” ЖШС-не тұтынған электр энергиясы үшін ақы төлеу мүмкіндігі жасалғаны туралы хабар жарияланды. Тұрғындарға бұл қызмет тегін көрсетілуде.
Сонымен қатар “Қазақстан Халық банкінің” мобильді қосымшасында “Еңбек – 2016” ЖШС-нің коммуналдық қызметтеріне электронды төлем жасау қызметі енгізілді. Атап айтқанда, су үшін “Есіл – 2030”, ал жылу үшін “Тепло-Сервис – 2030” ЖШС-іне төлем жіберуге болады. Дәл осындай жұмыстар Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалында да жүргізілді. Сөйтіп, ақпан айынан бастап орталықтың санитарлық-эпидемиологиялық зерттеулеріне интернет-банкинг арқылы ақы төлеу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру лагерлері мен мектепке даярлауда, мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне, қоғамдық тамақтану қызметкерлеріне ыңғайлы болғаны белгілі.
“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы жеделдетілген технологиялық жаңғыртулардың қуатты күшіне, басты факторына айналғанын, мемлекеттік секторға да дендеп еніп, құжаттарды электронды түрде рәсімдеу жетілдіріле түскенін аудан өмірінен де анық байқауға болады. Ашық әкімдіктердің, блог-тұғырнамалардың, халықтық бақылау қызметінің жолға қойылуы – соның бір айғағы. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы онлайн түрде көрсетіледі. “Электронды үкімет” порталы бойынша 400-ден астам қызмет түрін электронды нұсқада алуға болады.
Өткен жылдың желтоқсан айында Новоишимкада “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі ашылды. Жергілікті атқарушы орган мамандары халыққа жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, құрылыс, экономика, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша мемлекеттік қызметтер, сондай-ақ, консультациялық-әдістемелік көмек көрсетуде. Аудандағы 17 ауылдық әкімдікте, білім бөлімінде, жұмыспен қамту орталығында және мектептерде орналасқан 61 “Connection Point” өзіне-өзі қызмет көрсету секторы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында олар 3854 мемлекеттік қызмет көрсетті. Мұның барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын көтерумен бірге сандық технологияларды енгізу бағытында жасалған игі қадамдар екені сөзсіз.
Ерлан ӘДІЛБЕКОВ,
Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық мәслихаттың хатшысы.