Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов бастаған делегация Ресей Федерациясының Челябі облысына барып қайтты. Іссапар барысында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, әріптестік әлеуетті дамыту жайын талқылады.
Солтүстікқазақстандықтар аралаған алғашқы өнідіріс орны Челябі механикалық зауыты болды. Бұл зауытта крандардың шынжыр табанды, дизельдік-электрлі, тағы да басқа 8 түрі шығарылады. Қазіргі таңда кәсіпорын 25-50 тонналық жүктерді көтеруге қауқарлы техникаларын 49 мемлекетке жеткізеді. Өткен жылы зауыт өнімінің 30 пайызға жуығы Өзбекстан мен Қазақстанға жөнелтілген. “ЧМЗ” ашық акционерлік қоғамының бас директоры Петр Вагин бүгінде өнімнің біраз бөлігі Қазақстанға сатылып жатқанын айтты. Өзге де шетелдік әріптестерімен серіктестік орнатуға мүдделі зауыт бүгінде ТМД елдерінің көлемінде 3 дилерлік орталығын жасақтапты.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов: “Біз мұнай-газ саласына қажетті құрылғыларды жеткізген уақытта ол жерге бұрғылау қондырғылары да, көтергіш крандар да қажет. Қазір біздің кәсіпорындар басқа компаниялармен жұмыс істеуде. Алдағы уақытта осы алып машиналарды сіздерден алуымызға болады”, – деді.
Делегация мүшелері Челябі құбыр илемдеу зауытында да болды. 2010 жылы мұнда ақ металлургия саласындағы жаңа цех іске қосылған. Кәсіпорын мұнтаздай тазалығымен ғана емес, сонымен қатар экологиялық қауіпсіздігімен де ерекшеленеді. Мұнда құйылған инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард рубльден асып жығылады. Арнайы тексерістен өтетін құбырларға 50 жылдық кепілдік беріледі. Кідіріссіз жұмыс істейтін кәсіпорында жылына 600 мың тоннаға жуық өнім дайындалады.
Құбырларды бір-біріне жалғауға арналған құрылғыларды Челябі өңірінің тағы бір зауыты дайындап шығарады. Олар құбырларды біріктіруде дәнекерлеу құрылғыларын қолданбауға мүмкіндік береді. Бұл зауыттағы өндіріс толығымен автоматтандырылған.
Осындай қуатты кәсіпорындардың жұмысымен танысқан соң солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер ресейлік әріптестерімен келіссөздер жүргізді. Челябі облысының экономикалық даму министрі Татьяна Кузнецова кездесу барысында ортақ қызығушылық аясында қазақстандық кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасауға әзір екендіктерін жеткізді.
Облыстық делегацияның атынан сөз алған өңір басшысының орынбасары Ерлан Әукенов өткен жылы қыркүйек айында Атырау қаласында өткен өңіраралық форум барысында Солтүстік Қазақстан және Челябі өңірлерінің басшылары әріптестік жөніндегі келісімдерге қол қойғанын айта келе, “Осы орайда біз машина жасау саласына, түрлі түсті металлургияға басымдық берудеміз. Бұл бағытта сіздерден үйренеріміз мол”, – деді.
Кездесуге қатысқан ресейлік кәсіпкерлер кезектесе сөз алып, Солтүстік Қазақстан өңіріндегі өндіріс орындарымен әріптестік орнатуға қатысты ниеттерін білдірді.
Қазақстандық кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатқан “Софтсервис” фирмасының бас директоры Владислав Уткин Киров атындағы зауытпен бір жобаны жүзеге асыруға қатысты жоспарларымен бөлісті. Ал “Светорика” ҚБ жарықдиодты жарықтандыру жобасының жетекшісі Вячеслав Сорокин: “Біз жекелей сауда, көтерме сауда мен дилерлік желі бойынша жұмыс істеуге дайынбыз. Барлық бағыттарда әріптестік орнату мәселесін қарастырудамыз”, – деді.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
журналист.