Сәрсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Челябі облыстық Экономикалық даму министрлігінің өңіраралық және облысаралық ынтымақтастық бөлімінің бастығы Людмила Варонька бастаған делегацияны қабылдады.
– Ортақ шекара болмаса да, біздің өңір мен Челябі облысы арасында экономикалық тығыз байланыс орнаған. Әлеуметтік-экономикалық байланысты одан әрі нығайта түсу үшін екі өңірдің басшылары қол қойған ынтымақтастық туралы келісім де бар. Алдағы жылы ақпан айында облыс әкімі Ерік Сұлтанов бастаған солтүстікқазақстандық делегация сіздердің өңірлеріңізге жұмыс сапарымен барып, ынтымақтастықтың аясын әрі қарай кеңейте түсуді жоспарлап отыр. Бізбен шекаралас Түмен, Қорған, Омбы облыстарын Оңтүстік-Орал темір жолы байланыстырады. Ол өңірімізде тиімді сауда-саттықты қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Облысымызда машина жасаумен айналысатын 48 өнеркәсіп кәсіпорны бар, олардың 28-і мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті құрал-жабдықтар шығарады. Біз таяуда “Kyzylzhar Invest – 2014” халықаралық инвестициялық форумын өткізіп, шетелдік әріптестерімізге бірлескен кәсіпорындар құруға, жаңа өндіріс ошақтарын ашуға мүдделі екенімізді, ол үшін өңірімізде барлық жағдай жасалатындығын мәлімдедік. Сіздер де үш күн ішінде өз салаларыңызға қатысты кәсіпорындарда болып, олардың мүмкіндіктерімен жан-жақты танысасыздар, мүдделеріңізге қарай ниет білдіру келісімдерін жасайсыздар, – деді кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары.
Челябі облыстық Экономикалық даму министрлігінің өңіраралық және облысаралық ынтымақтастық бөлімінің бастығы Людмила Варонька өзімен бірге келген делегация мүшелерін таныстырып, кәсіпорындардың басшыларына сөз берді. “Альянс”, “Завод стройтехника”, “Уральский завод дорожных машин”, “Метчив”, “Миасский завод медицинского оборудования”, “Современные технологии изоляции”, “Авто-Техника” ЖШҚ-ларының, “Металл-База” ААҚ-ның, “Востокмеллургмонтаж-1” ЖАҚ-тың басшылары мен өкілдері өз кәсіпорындарының өнімдері жайында айта келіп, сапарларының мақсатына тоқталды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.