Егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қолға алып отырған агроқұрылымдар шөп дайындау науқанына қызу кірісіп кетті. Солардың бірі – Қызылжар ауданындағы Асқар Мәдиев басқаратын “Петерфельд-Агро” ЖШС.
2011 жылдың жазында “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның қаржылай қолдауымен алманиялық “Агротех импекс ГмбХ” компаниясынан 385 бас симменталь тұқымды құнажын мен 14 бас асылтұқымды бұқа алып, асылтұқымды мал өсіруге кіріскен “Петерфельд-Агро” ЖШС бүгінгі күні Қызылжар өңіріндегі сүт өндіретін және мал бордақылайтын іргелі репродуктор шаруашылыққа айналып отыр. Серіктестіктегі заманауи мал фермасы, ондағы сүт өндіру кешені агроқұрылымның Зеңгі баба тұқымына шындап бет бұрғанын көрсетеді. Оны шаруашылықтың басшылары Асқар Мәдиев пен Виктор Ковальскийдің соңғы жылдары мал азығын әзірлеуге, оны түрлендіре түсуге ерекше назар аударып отырғандығынан да байқауға болады.
– Биылғы көктемгі науқан ауа райының қиын жағдайында өтті. Толассыз жауған жаңбыр, жердегі ылғалдың молдығы дала жұмыстарына көп кедергі келтірді. Соның өзінде тиісті дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды белгіленген мерзімде сеуіп үлгердік. Петерфельд ауылы маңындағы танаптарды тек мал азығына қажетті дақылдарға пайдаланамыз. Бір мың гектар алқапқа жүгері, 3 мың гектар жерге біржылдық аралас дақылдар ектік. Шығымы жаман емес. Бұл учаскеге білікті агроном әрі атқарушы директор Виктор Ковальский басшылық жасайды, – дейді “Петерфельд-Агро” ЖШС-нің бас директоры Асқар Мәдиев.
Осы елді мекеннің облыс орталығы жақ қапталында шаруашылықтың 363 гектар көпжылдық шөбі бар екен. Оны “КазТехМаш” ЖШС шөп дайындайтын жаңа техникаларын таныстыру рәсімін өткізгенде байқадық. Біркелкі шыққан биік “арпабас” көз тұндырады. Одан басқа Мамлют ауданындағы Краснознаменное елді мекеніндегі алқап 500 гектарды құрайтын көрінеді. Ылғалдың молдылығына және шөптің бітік өсуіне байланысты агроқұрылым шабындыққа шалғы салып та үлгеріпті.
– Шөп дайындайтын бригада жылдағы ісіне кірісіп те кетті. Бүгінгі күні тіркемелі 2 роторлы шөп машинасы, 2 “ЖВН-6” комбайны шөп шабу жұмыстарымен айналысуда. Шаруашылықта орама шөп дайындайтын 2 “Крона” пресс-жинағыш, 2 пішен маялағыш бар. Таяуда тағы шөп артатын әмбебап “Маниту” техникасын сатып алдық. Шөп тасумен 4 қорапты трактор айналысады. Қазірдің өзінде 170 тоннадай шөпті маялап үлгердік. Жоспар бойынша 1,2 мың тоннадай пішен, 25-30 мың тонна сүрлем, сонша пішендеме әзірлеуді мақсат етіп отырмыз. Кемінде бір жарым-екіжылдық мал азығын дайындауымыз қажет. Қазір бар күшімізді соған жұмылдырудамыз,– дейді серіктестіктің атқарушы директоры Виктор Ковальский.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.