Айыртау ауданында өткен “Botaı – Uly dalanyń mádenıeti” атты суретшілердің халықаралық симпозиумы өңіріміздің тарихи-мәдени мұрасын өзге мемлекеттерге кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Шара аясында Ботай қонысында шеберлік сыныптары, дәрістер мен экскурсиялар да ұйымдастырылды. Ауқымды мәдени шара облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен және еліміздің бірнеше өңірінен жиналған қылқалам шеберлерінің жұмыстары ұсынылған көрмеде қорытындыланды.
Суретшілерді халықаралық маңыздағы көрменің ашылуымен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.
– Ең алдымен, көрмені ұйымдастыруға қол ұшын созған Суретшілер одағына, Тұңғыш Президент қорына, біздің бастамамызға, идеямызға қолдау көрсеткен қылқалам шеберлеріне алғыс айтамыз. Суретшілер симпозиумының басты міндеті барлығымыздың бірлесіп, киелі Ботайдың маңыздылығын, табиғатының әсемдігін әлемге таныту болатын. Бұл шараның суретшілер үшін ғана емес, мәдениет саласындағы басқа да қызметкерлер үшін маңызы зор. Өйткені, бұл тарихи мұраларымызды, мәдениетімізді, өнерге деген сүйіспеншілікті насихаттауға бағытталады. Облысымыз тарихи құндылықтарға, салт-дәстүрлерге, мәдениетке бай. Шығармашылық ұжымдарымыз да түрлі халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүр. Бұл – мәдениетті дамытуға көңіл бөлініп, сала қызметкерлеріне қолдау көрсетіліп жатқанының айғағы, – деген Руслан Қанатханұлы шығармашылық иелеріне облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Толығырақ газетіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар.