«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШАЙ ІШСЕМ, КӨҢІЛІМ ЖАЙ”

Қазір шай ішпейтін қазақ жоқ шығар?! Бәрі шайдан басталады. Таң атқанда алдымен шай ішу керек. Үйге біреу келе қалса да, міндетті түрде шәйнекті ала жүгіреміз. Кім келсе де, “бір самаурын су беру” парыз болып кеткен.  

Кеңес өкіметі кезінде үнді шайы таптырмайтын дүние болатын. Оған қолымыз жетпегенде грузин шайын ішетінбіз. Оның шығымы онша емес әрі дәмсіздеу болатын. №36 деген шай да болды, оны біздің жақта “Топай шай” дейтін. Ол да қат еді. Ал енді осындай таптырмайтын шайларды алу үшін ауылды жерде бір-ақ амал болушы еді. Атап айтқанда, малдың сүйегін, жүні мен терісін тапсыру керек. Оларды қабылдайтын адамды “заготовитель” деп атайтын. Жинаған шикізатыңды апарып берсең, бір-екі пәшке шай аласың. Қалған тиын-тебенге шар бере салатын. Ол кезде қазіргідей сағыз да жоқ. Оны қайыңның жапырағынан қайнатып дайындап, шайнап жүретінбіз. Түсі қап-қара болатын.

Рас, жергілікті жұмысшылар кооперациясынан үнді шайын “үлкен таныстықпен” алып жүргендер болды. Ол кезде рабкооптың бастығы ауылдағы №1 адам-тұғын. Өйткені, ауылдық жерде барлық тамақ болса да, жұрт осы үнді шайына зар еді.

Ал қазір қалтаңда ақшаң болса, тек таңдауыңды біл – дүкенде шайдың неше түрлісі толып тұр.

Статистика мәліметіне сүйенсек, біздің елімізде бір адам бір жылда орта есеппен 1,5 килограмм үнді шайын тұтынады екен. Бұл жөнінен дүниежүзі бойынша 5-ші орынға шығыппыз!

Осы шай ішуге қатысты ел ішінде нешетүрлі қалжың да айтылады. Ауылдағы бір ағамыз үйде дастарқан басында шайды сораптап отырғанында шөп қорасынан от шығып, күйе бастаған ғой. Соны көзі шалып қалған көршісі жүгіріп келіп: “Аға, қораңыз жанып жатыр!” – деп хабарлайды. Сонда ол кісі: “Әй, тұра тұрыңдаршы, адам сияқты шайымды ішіп алайын!” – деген екен.

“Шай ішсем, көңілім жай” дейтін қазекем осындай.

Сұратай ӘЙТІМОВ.

Аққайың ауданы,

Смирново ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp