«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛАҚЫНДЫҚТАР СУ ТАСҚЫНЫНА ӘЗІР

Бұрнағы күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды. Облыс басшысы 2014 жылы пайдалануға берілген емхананы аралап, мекеменің жарақтандырылуымен танысты. Емхана тәулігіне 250 адамды қабылдай алады.

Өңір басшысы ат басын тіреген келесі нысан – “ТНС-2020” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Кешенде баскетбол, волейбол, үстел теннисі және шағын-футбол бөлімдері жұмыс істейді. Ерік Сұлтанов компания басшылығына ауданға әлеуметтік қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Өткен жылы ғана бұл жерде жөндеуді қажет ететін ескі ғимарат болған еді. Қазір біз балалар жаттығып жүрген жақсы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін көріп тұрмыз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңір басшысы 2015 жылдан бері облыс бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, өңірімізде Мемлекет басшысының халықтың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту жөніндегі тапсырмасы ойдағыдай орындалып жатқанын айтты.

Ерік Хамзаұлы Сергеевка су торабына да соғып, алда келе жатқан тасқынға дайындық жұмыстарының жайымен де танысты. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Әсет Исмағұловтың айтуынша, су тасқынына қарсы қажетті шаралардың барлығы жүргізілген: техника мен жеке құрам дайын, Сергеевка қаласының көшелеріндегі қар сыртқа шығарылуда.

“Қазсушар” РМК-ның облыстық филиалының директоры Аманжол Қожағұлов Есіл өзені арнасының толуы жөнінде, су тораптарының сипаттамасын және алдағы су тасқынына қатысты болжамдарды баяндады. Өңір басшысы су тасқынына қатысты жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Себебі, үстіміздегі жылы Сергеевка су торабынан өтетін су көлемі өткен жылға қарағанда мол болады деп күтілуде.

Өңір басшысы Қаратал ауылындағы орта мектепке де ат басын бұрды. 76 бала білім алатын мектепте шағын-орталық жұмыс істейді. 2015 жылы мектепке су тартылып, жылы өткел салыныпты. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов орта мектепке компьютерлік сынып алуға сертификат сыйға тартты.

Облыс әкімі Шал ақын ауданына сапарының соңында қант зауыты – “ТрансАгроИнвест” ЖШС-нің құрылыс алаңында болды. Бүгінгі таңда зауыт ғимараты дайын. Қажетті қондырғылар қаржылық мәселелер шешілгеннен кейін Қытайдан әкелінбек. Зауытты 2017 жылы іске қосу жоспарланған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp