
Облыс орталығынан 185 шақырым қашықтықта Ақмола облысымен шекарада орналасқан ауылға Петропавлдан ресми қонақтар сирек келеді екен. Сол себепті де 50-ге жуық шаңырақ түтін түтетіп отырған Мәдениет пен “ауылы аралас, қойы қоралас” жатқан Талап ауылының тұрғындары үшін “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры – бас редакторы Жарасбай Сүлейменов бастаған журналистермен қатар облыстық филармония өнерпаздарының да ат терлетіп жетуі – күтпеген жаңалық болды. Бір қиырда орналасқан қарапайым ауылдардың күнделікті күйбің тірлігі осылай түрленді.
“Бізді Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен құттықтауға облыс орталығынан адамдар арнайы келді” деп ауылдағы жалғыз әлеуметтік нысан – Мәдениет негізгі мектебіне жиналған тұрғындардың ықыласы ерекше еді. Қақаған қыста қалың қардың құрсауында қалып, ерте көктемге дейін көңілдері күпті болатын қос ауылдың тұрғындарының жүзінен қуаныштың табы сезіліп-ақ тұрды. Еңкейген қариядан бастап еңбектеген баласын бауырына қысқан аналар мен жастар, оқушылар адымды аштырмас қатты желге қарамастан, мектептің акт залына жиналды. Бір қауым ел екендігін танытып, тайлы-тұяғына дейін жиналған ауыл тұрғындарының бұл ниетіне риза болдық.
Өздерін облыс орталығынан іздеп келген қонақтарға асқақ көңіл-күймен қарап отырған мәдениеттіктерді ұлы мерекеміз – Тәуелсіздіктің 25 жылдық меретойымен құттықтаған Жарасбай Сүлейменов еліміздің ширек ғасырда жеткен жетістіктері, өңіріміздің қол жеткізген табыстары жайлы баяндады.
– “Ауыл – қазақтың алтын бесігі”. Бұл бекер айтылған сөз емес. Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Бүгінгі таңда елімізде өмір сүріп жатқан халықтың дені ауылда қоныстанған. Осы орайда “Ауылдарды сақтауымыз керек” деген пікірді жиі айтып жүрміз, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Қазақтың қарашаңырағы – ауылдың төрінде өнерлерін көрсеткен облыстық филармонияның “Әлқисса” ұлттық аспаптар ансамблі орындаған туындылар, дәстүрлі әншілер Жанат Айтбаев, Біржан Есжанов, Еркебұлан Қаріпов, Ғалымжан Нұрпейісов әуелете шырқаған әндер арқылы ұлттың бекзат болмысын, жүрек сыздатқан сағынышын, көңілдің нәзік қылын шертер сезімін, мұң-шерін, қызық қуанышын сезінгендей болды. Бір аңғарғанымыз, сахнадан көздерін алмай, ұйып тыңдап отырған ауыл тұрғындары қазақы әуенге шөлдеген екен. Киелі қара домбыраның сүйемелдеуімен орындалған Жидебайдың әні “Бозбала”, Біржан салдың “Ләйлім шырақ”, халық әні “Ағаш аяқ”, Ақан серінің “Балқадишасы”, Кенен Әзірбаевтың “Көк шолақ”, қазақтың халық әндерімен пара-пар келетін “Дударайдың” “құлақтан кіріп, бойды алғаны” соншалық, жиналғандар ұйып тыңдады.
– Көптен бері мұндай концертті көрген жоқпыз. Ара-тұра Көкшетау қаласынан әншілер келгенімен, өзіміздің облыстық филармония өнерпаздарының ауылымызға арнайы ат басын бұрғанына қуанып отырмын. Эстрадалық әнге әуес жастарымыздың өзі ұйып тыңдап, ұлттық бояуға қанық әуенді тыңдап, рухани азық алғаны сөзсіз, – дейді Мәдениет ауылының тұрғыны Гүлдәніс Батаева.
Жүрек қылын шертетін, тал бойыңды ерітетін қобыздың қоңыр үніне еріксіз елітіп, ерекше тәнті болды жиналған қауым. “Әлқисса” ұлттық аспаптар ансамблінің қобызшысы Айдос Ақылбеков орындаған “Қорқыттың күйі” тыңдаушысын әуендік әсемділігімен, шынайлығымен баурады. Желмаяның тұяғының дыбысы, желе жортып шапқандығы естілгендей әсер қалдырды. Қайта-қайта қол соғып, қошеметтерін танытқан ауыл тұрғындарының атынан Летовочный ауылдық округінің әкімі Асыл Молдиярова ризашылығын білдіріп, өнерпаздарға ықылас гүлін тарту етті.
– Летовочный ауылдық округінің құрамында – Летовочный, Подлесное, Горное, Краснокаменка, Мәдениет және Талап ауылдары бар. Қазақ ауылдары Тайынша ауданының түкпірде орналасқандықтан, көпшілік біле де бермейді. Осы ауылдардың тұрғындарын іздеп келіп, айтулы мерекемен құттықтаған өнерпаздарға алғысым зор, – деді Асыл Нұрмағамбетқызы.
Мәдени шарадан тұрғындар риза болып тарқасты. Ал біз болсақ, ара-тұра ғана ат ізін салатын осындай ауылдардағы қазақы кеңпейілділіктің сақталғанына көңіліміз толып, қимай қоштастық.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.