Көкшетау қаласында Ақмола облыстық лигасының “Маусымашар – 2014” фестивалі өтті. Ақмола лигасында бақ сынаған жерлестеріміз жеңімпаз болды.
Риат ШОНИ,
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің I курс студенті.
Наурыздың 16-сы күні Көкшетау қаласының Мәдениет сарайында ине шаншар жер болмады, себебі онда Ақмола облыстық лигасының “Маусымашар – 2014” фестивалі өтті. Көрермен қатары қалың болды. 6 жасар баладан бастап, таяқ ұстаған қарттарға дейін “Жайдарман” көруге келген еді. Аталмыш ойынға республикамыздың түкпір-түкпірінен 17 құрама қатысты. Бұл ойынға СҚО-дан да екі құрама сынға түскен болатын. Олар – Петропавл қаласының Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжінің “Мағжан жастары” құрамасы және де әр оқу орнында, әр мамандықта оқып жүріп, өз ауданының намысын қорғауға ат салысып жүрген Шал ақын ауданының жастары “Шал ақын” құрамасы болып, өз бақтарын сынаған. Жаңа маусымның тақырыбы “Әдебиет маусымы” болғандықтан, әр құрама барынша әдеби әзілдермен көрермендерге шаттыққа толы көңіл күй сыйлады. Жалпы ойында 5 кубок сарапқа салынды. Фестиваль қорытындысы бойынша III орынды “Шалқар құрамасы” (Ақтөбе облысы) және “ҚУАМ” (Абай Мырзахметов атындағы университет) жайдарман тобы, II орынды “Қазақтар” және “Бейбарыс” жайдарман тобы (Степногорск қаласы) және де бас жүлдені, яғни I орынды “Шал ақын” құрамасы иеленді. Өкініштісі, бұл құраманың демеушісі жоқ екен, олар осы ойынға ата-аналары берген қаражатпен барып келген болатын. Ойын соңында “Шал ақын” құрамасы өз ата-аналарына шексіз алғыстарын білдірді. Енді осы ойыннан кейін “Шал ақын” құрамасына демеуші табылады деген ойдамыз.
Жергілікті халықты әзілмен сусындатқан “Шал ақын” құрамасының бар-жоғы екінші ойыны ғана еді бұл. Алғашқы ойыны Петропавл ашық лигасының маусымашары болатын.