«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛ АҚЫН

Шал (Тілеуке) Құлекеұлы – өңіріміздің тумасы, қазақтың төкпе ақыны. Әкесі Құлеке батыр Абылай ханның жақын серігі болған. Шалдың өлең-жырларынан өз дәуірінің өмір көріністері айқын аңғарылады. Бұлардың бәрінде дерлік жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ынсап пен тойымсыздық, ақылдылық пен аңғалдық, ізгілік пен надандық, байлық пен кедейлік тәрізді кереғар жайттар кең қамтылып, сөз болады. “Ата-ананың кадірі”, “Жігіт туралы”, “Жігіттің өзін білем дегені”, “Әйел сыны”, “Қыздар туралы”, тағы басқа танымал өлеңдері бар. Шалдың енді бір алуан жырларында жас пен кәрі сипаттарынан тыс моральдық, этикалық қатынастар да ұтымды бейнеленеді. “Кәрілік туралы”, “Жастықты көксегені”, “Он бес деген жасым-ай”, “Елу ердің жасы екен”, “Жаманға дәулет бітсе, ауа айналар”, “Екі арыстан жабылса, дәуді өлтірер”, “Айтайын біраз кеңес”, тағы басқа шығармалары сөзімізге дәлел болады. Шал кезінде ел өмірінде елеулі орын алған айтыс-қағыстарға қатысып отырған. Бұлардан оның ұшқыр қиялды тапқырлығы мен от ауызды, орақ тілді алғырлығы да мол көрінеді.

Суырыпсалма ақындық таланты 15 жасында оны даңққа бөлеп, сол кездің өзінде жергілікті тұрғындар туған жерін Шал ақын ауылы деп атаған. Оның шығармашылық таланты бүкіл Сарыарқаға кеңінен жайылған. Ақын адамгершілік үшін күресіп, қоғамдағы әділетсіздіктерді шындық тұрғысынан сынады. Оның “Шал мен дегдар қыз”, “Шал мен Күлімжан қыз”, “Жігіт пен шал”, “Шал мен кемпір” атты шағын айтыстары сақталған. Шал ақынның көптеген шығармалары, соның ішінде тарихи аңыздар мен әңгімелерге бай қазақ халқының шығу тегі жөніндегі эпикалық шығармасы сақталмаған. Оның белгілі өлеңдері ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап баспа бетінде жарық көрді, жеке шығармалары орыс тіліне аударылды. 1999 жылғы желтоқсанның 14-інде Елбасының Жарлығымен ақын өмір сүрген жер «Шал ақын ауданы» деп аталды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp