«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАПАҒАТ ШУАҒЫ

 

Кеше Петропавл қаласында облыстық әкімдіктің, “Дара” республикалық қайырымдылық және “Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қорларының қолдауымен педагогикалық-психологиялық коррекциялық (түзету) орталығы ашылды. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа орталықтың жұмысымен облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысып, бала саулығы жолындағы игілікті іске атсалысқан адамдарға алғысын білдірді.

– Баршаңызды педагогикалық-психологиялық түзету орталығының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Бала саулығы жолындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Ерік Хамзаұлы.

Бұдан соң өңір басшысы балалардың арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалап, осындай ізгілікті істің басынан табылған “Дара” қайырымдылық қорының менеджері Марал Шешембековаға Алғыс хат табыстады.

Бұл мекемеде арнайы мамандар әр баламен айналысып, олардың жеке әрі топтық сабақ оқуларына баса назар аударатын болады. Сонымен қатар, көзі нашар көретін, құлағы шала еститін, жүріп-тұруы қиын, зейіні төмен кез келген баламен жоғары білікті психолог, әлеуметтік педагог, логопед, дефектолог жұмыс істеп, кешенді көмек көрсетілмек. Орталық қажетті заманауи оңалту құрал-жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген. Мұнда бүгіндері 65 балаға тегін көмек көрсетілмек. Олардың қозғалысына “кедергісіз” орта құрылған.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында ерекше күтімді қажет ететін бес жүзден астам бала бар.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp