«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРАЛАР КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ

Елімізде қауіпті індеттің таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдайлар кезінде облыста 380-ге жуық мәдени-бұқаралық шара тоқтатылды. Соның 95-і Петропавл қаласында өтуі тиіс еді. Өңірдегі мәдениет ошақтары мен театрларда концерттер мен қойылымдарға шектеу қойылды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында облыстық мәдениет, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары мен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры коронавирус инфекциясына қарсы сақтық шаралары туралы хабарлама жасады. Отырыста облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов қойылымдар мен концерттерге алдын ала билет алған көрермендердің ақшасы толық қайтарылатынын жеткізді.
– Музей, кітапхана мен облыс архивтерінде көпшілік шаралар, көрме, поэтикалық кештер мен «дөңгелек үстел», семинарлар өтпейді. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана наурыздың 16-нан бастап оқырмандарға онлайн режімде қашықтан қызмет көрсетуде. Почта мекенжайы кітапхана сайтында көрсетілген. Аудандық кітапханалар да осындай режімде жұмыс істеуде. Техникалық себептерге байланысты Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы оқырмандармен жұмыс істемейді, жабық тұр, – деді Құралбек Бүркітбайұлы. Облыстық мұрағат, оның қалалық және аудандық филиалдары тұрғындарға бірқатар архивтік анықтама қағаздарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен электронды үкімет порталы бойынша беруде. Барлық ұйымдарда екі рет тазалық шаралары жүргізіліп, антисептиктер қойылған. Бұл орайда, басқарма басшысы мәдениет ұйымдарының қызметкерлерін (шамамен 70 пайызын) қашықтан жұмыс істеуге көшіру мақсатында шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин де қауіпті індеттен сақтану шаралары қатаң бақылауда екенін айтты. Өңірдегі барлық спорттық ұйымдарда дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық-бұқаралық шаралар мен жаттығулар тоқтатылған. Дегенмен стадиондар жұмыс істейді. Жалпы, өңір аумағында өтуі тиіс 76 шара кейінге шегерілген. Наурыз айының соңына дейін «Қызылжар СК» футбол клубының ұжымына қысқамерзімді демалыс жарияланған.
Баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев қатерлі вирустың таралу қаупіне байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық бизнесті қолдауға бағытталған жедел штаб құрғанын жеткізді. Штабтың басты мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге сервистік қызмет онлайн түрде көрсетіліп жатқанын атап өткен жөн.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp