«Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады», – деп егемен еліміздің елең-алаңында-ақ Қазақстанның алдында тұрған зор мақсаттарды айқындаған Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыстың шеңгелі құрсаулаған қиын күндерде де айнымас, адастырмас жолды тапты, Тәуелсіздіктің туын биік асқақтатты.
Біз егемен еліміздің тарихындағы осы зор жетістіктерді көз алдымыздан өткердік, баянды тұрмысқа өз үлесімізді қостық. Елбасымыз тығырықтан алып шыққан жетістіктеріміздің куәсіміз.
Осылайша, өзім қызмет етіп отырған мұражайымыздың әр дерегі мен дәйегі өңіріміздің, еліміздің өміріндегі жетістіктердің шежіресі іспетті, өткенімізді алға тартып, бір сәт ел болып атқарған істерімізді ойға оралтады. Ой сарабына салып, сол жолдарға көз салсам, біздің тарихи-өлкетану мұражайымыздың жаңа сипаты, бүгінгі бет-бейнесі Елбасымыздың қажырлы еңбегінің ризығы десем, артық емес.
Осы айтқаныма мұражайдың бүгінгі тыныс-тірлігінде дәйектер жеткілікті. Алғашқы қиыншылықтардың ауыртпалығына төтеп бере алмаған бұл мекеме алпауыт қалталылардың уысында кетіп, облыстың тізгінін Тайыр Мансұров қолға алғанда барып қыспақтан құтылды. Қаржы тапшылығы буындырып тұрғанның өзінде мұражай жаңа кейіпке көшіп, өзіне жүктелген «өркениет өзегі» міндетін атқаруға пәрмен иеленді. Осылайша, жаңарған мұражайдың тынысы ашылып, бұл өңіріміздің әлеуметтік-мәдени өмірінде маңызы зор оқиға болды. 2006 жылғы 6 қыркүйекте заман талабына сай маңызға ие болған салтанатына Елбасымыздың өзі болып, жиналған қауым алдында осынау тәрбие, тағылым және таным ордасының қызметіне ақжолтай тілегін арнағаны жадымда жаңғырып тұр. Елбасының нұсқауымен оны күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 103,5 миллион теңге қаржы бөлінген еді.
Мұражайдың жәдігерлерімен танысқан Нұрсұлтан Әбішұлы оның облыстық осындай мекемелердің үздіктерінің бірі екенін тілге тиек еткенді.
Елбасымыздың руханият игіліктерін қалайша ардақтап, олардың берік тамыр тартуына көзқарасын, жанашырлығын біздің қоғамымыз жақсы біледі. Ол ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің ұлылығын ұрпақтардың санасына сіңіруді зердемізге түйеді. Оның рухани байлықты қастерлеп, құрметтеу туралы ойлары азаматтардың елімізге, Отанымызға деген сүйіспеншілігін күшейтуде үлкен пафос десем, орынды.
Осыған орай біз мұражайдың заман талабына сай қызмет атқарып, азаматтардың бойында туған жердің өткенін біліп, бүгінімізді танып, болашағымызға сенім мен пәрмен қалыптасатындай мұраттарға қол жеткізуіміз керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың: «… Егемен еліміздің мәдени өмірінде мұражайлардың орны айрықша. Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу – Қазақстанда патриотизм қалыптастырудың, Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің басты шарттарының бірі», – деген лебізі біздің міндеттерімізді айқын айғақтайды.
Мұражайымыздың түгел тарихын айтып шығу бізді тереңге бойлатар еді. Алайда, бүгінгі сөзімде Елбасымыздың тарихи-мәдени өрлеуімізге жасап отырған қамқорлығын, ризығын толғана айтуды парыз санаймын. Шаңырақ көтергелі тоқсан жыл болған мұражайдың аумағы – бүгінде 2400 шаршы метр аумақты алып жатыр. Қорымызда 350 мың жәдігер бар.
2012 жылы біз «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» аталатын залды аштық. Бұл залдағы жәдігерлер Елбасымыздың арғы ата-тегінен мағлұмат беруден басталады. Әкесі Әбіш Назарбайұлы мен анасы Әлжанның шаңырағында дүние есігін ашқан болашақ Президенттің Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр ауылында өткен балалық күндері жайында сыр шертеді.
Президенттің өміріндегі әр дерек ұрпаққа ұлағат. Оның студенттік өмірі, білім игерудегі ұмтылысы, Теміртаудағы Магниткада болат балқытып, сол болаттай шыңдалған мінез-құлқы, өндіріс ортасында қажыры мен қайраты қалыптасып, соның арқасында өзі ұшқан жұмысшылар ұясының ыстық-суығын жан-жүрегімен ұғынуы, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастау алатын қоғамдық-саяси қызметі және 1991 жылдың 1-ші желтоқсанында жалпыхалықтық сайлауда сайлаушылардың түгелге жуығының көңілінен шығып, Тұңғыш Президент мәртебесін иеленуіне дейінгі ғұмыр белестері қамтылған.
Бұл залда мұражай қызметкерлерінің ыждағаты мен ізденістерінің нәтижесінде Елбасымыздың өмірі мен қызметіне байланысты деректер толығымен қамтылған деуге болады. Оның ел өміріндегі ең ұлы істерінің бірі – Астана қаласын елорда етіп, оны әлемнің осызаманғы көрікті қалаларының қатарына қосуы. Ал ішкі саясатта этностардың рухани келісімін нығайтқан Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы Президенттің Қазақстандағы тұрақтылық пен тату-тәтті, бейбіт тұрмыстың арқауын тапқанын ұқтырады.
Елбасымыздың сыртқы саясаттағы атқарған және бүгінде жүзеге асырып отырған жетістіктері Нұрсұлтан Әбішұлының әлем таныған кемеңгерлігін, көрегендігін, осы дипломатиядағы жаңашылдығын дәлелдейді. Жақын көршілердің, алыс шетелдердің лидерлерімен орнатқан оң қарым-қатынастары – Президентіміздің халықаралық аренадағы беделінің жемісі.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті мәртебесін иеленген жылдардан бері, өзге өңірлер сияқты, біздің облысымызға да неше мәрте іссапарлармен келіп, саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өрлеуімізге бағыт-бағдарлар беріп, тұрғындарымыздың әл-ауқатымен танысты. Өңіріміздің дамуының бағдарларын көрсетіп, халыққа қамқорлығын жасайды. Оның осындай қызметі, жалпы алғандағы азаматтық тұлғасы – бізге зор мақтаныш. Біз өзіміздің Президентімізді құрмет тұтамыз, оның Қазақстан халқының игілігі үшін әлі де талай асуларды бағындыратынына сенімдіміз және осылай бола беруіне тілектеспіз.
Гүлнәр МҰҚЫШЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының директоры.