«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРУАЛАРДЫ ҚАРЖЫЛЫҚ САУЫҚТЫРУ

Үстіміздегі жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық секторды қаржылық сауықтыру процедураларын бастағаны туралы мәлімдеді.  

Болатбек МҰҚАШЕВ,

“Қазагромаркетинг” АҚ филиалының директоры.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арзан несиелер беру, субсидиялар бөлу, арнайы бағдарламалар жасау арқылы ауқымды қаражат бөлініп жатқаны белгілі. Бүгінгі күні шаруалар алған займдарды арзандатуға баса назар аударылуда. Атап айтар болсақ, қаржылық сауықтыру мақсатында субсидияларды ескермегенде 300 миллиард теңге тартылды, аталған қаражатты мемлекет кредиттер мен лизингтердің сыйақы ставкаларын арзандатуға бағыттайтын болады.  

Қаржылық сауықтыру процедуралары еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013- 2020 жылдарға арналған “Агробизнес – 2020” бағдарламасын іске асыру шеңберінде, АӨК субъектілерінің төлем қабілеттілігін жақсарту, кредиттік жүктемесін төмендету және банкрот тәуекелдерін барынша азайту мақсатында басталды.

Қаржылық сауықтыру дегеніміз – 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін алынған кредиттер мен лизингтердің сыйақы ставкасын субсидиялау арқылы төмендету. Қаржы институты сыйақы ставкасын 14%-ға дейін (егер ставкасы жоғары болса) төмендетеді, оның 7%-ын несие алушы төлейді, қалған 7%-ын мемлекет субсидиялайды. Қаржылық сауықтыру барысында алынған несиенің мерзімі 9 жылға дейін ұзартылып, сыйақы ставкасы 7%-ға дейін төмендетілуі мүмкін.

Қаржылық сауықтыруға қатысуға ниетті займшылар анықтамалар алу және өтініш беру үшін, өздері міндеттеме алған екінші деңгейлі банктер мен кредиттік ұйымдарға жүгінуге тиіс.

Бағдарлама туралы толықтай ақпаратпен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №816 қаулысымен бекітілген, Қаржылық сауықтыру үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларында танысуға болады.

Барлық мүдделі тұлғалар “Қазагромаркетинг” АҚ call-орталығына 8 800 080 70 80 нөмірі бойынша (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) хабарласуына болады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp