«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРУАЛАР ДЕМЕУҚАРЖЫДАН ҚАҒЫЛДЫ

 

Өткен сәрсенбі күні Парламент мәжілісінде 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Осы түзетулердің ішінде Қаржы министрлігінің шаруалардың мал өсіруіне көмек ретінде берілетін 36,5 млрд. теңгеге тең демеуқаржыны бюджеттің шығыс бөлігінен қысқартып тастағаны белгілі болды. 

Бюджеттің толықтырылған жобасымен таныстырған Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов мұны сұратқан құжаттарды Ауыл шаруашылығы министрлігінің уақытында бермегендігімен, оның қажеттілігін дәлелдей алмағандығымен түсіндірді. Мұның сыныққа сылтау екендігі көрініп тұр. Өйткені, талқылауға қатысып отырған Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров барлық талап етілген құжаттардың өз уақытында берілгендігін айтты.

Қысқасы, бұл жаңалықты естігенде жергілікті басшылықтың шаруаларға демеуқаржы беріледі деп мал өсіруге жұмылдырғандары, сөйтіп, ет пен сүтті арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге ниет еткендері адыра қалды. “Мені мал өсіресің, 30 өгіз сатып алуға демеуқаржы береміз деп қора салуға мәжбүрлеген еді. Ал оны бермейтін болса, мен мал өсірумен айналыспаймын. Егінімді өсіріп жүре беремін, маған сол да жетеді”, – дейді Жамбыл ауданында 2,5 мың гектар жерге астық егетін Е.Сарымсақов деген бір шаруа бізбен сөйлескенде. Басқалардың да солай ойлауы сөзсіз. 

Әрине, егіншілік мал өсіруге қарағанда анағұрлым жеңіл. Көктемде бір егіп тастасаң, жазда арамшөптен тазартып, күзде бұйырғанын жинап аласың. Сондықтан бірнеше мың гектарды жалға алған солтүстікқазақстандық шаруалар мен фермерлер негізінен астық өсірумен ғана айналысып келеді. Сонымен ғана айналысса да оның тамағы тоқ, қалтасы толық болары сөзсіз. Кезінде оларға ұлан-ғайыр жерді жалға бергенде “жайылымды өзінің бағытына ғана қолданасың, бір мың гектар алсаң 50 бас, екі мың гектар алсаң 100 бас мал өсіресің” деген сияқты талап болған жоқ. Ондай талап заңда қарастырылмаған еді.
Дүкендердің сөрелерінде отандық ет пен сүттің азайып бара жатқанына алаңдаған Үкімет 2018 жылдан бері мал шаруашылығын, оның ішінде етті қара малды молайту бағдарламасын қабылдағаны мәлім. Осының арқасында мал өсіретіндерге демеуқаржы беріліп, облыстар мал басын аздап болса да көбейте бастаған еді. Енді сол жұмыс Қаржы министрлігінің арқасында сап тыйылғалы отыр. Осыған қарағанда бұл министрлік өкілдері еттің сырттан кіргенін қолдайтын сияқты. Соның ішінде Қытай етіне жерік пе дейміз. Өйткені, жуырда ғана осы министрліктің мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейспековтің басшылығындағы делегация Қытай Халық Республикасы өкілдерімен Қазақстан-Қытай шекарасында “Жасыл дәліз” ашу туралы келісім жасаған еді. Келісім қазақстандық “Нұр жолы” мен қытайлық “Хоргос” шекаралық бекеттерінде елімізге енгізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам өткізу шараларын қамтыған. Бұл онсыз да қаптап кеткен Қытайдың тамақ өнімдері елімізде арта түседі деген сөз.
Әрине, бұл келісімнің демеуқаржыны қысқартуға қатысы болмауы да мүмкін. Алайда, мал басын көбейтуге бағытталған қолдаудың қысқартылуы ел нарығында Қытай өнімінің қаптай түсуіне жол ашатын, сол жақтың мүддесі үшін қызмет еткен лоббиге келетін сияқты.

 

Жақсыбай САМРАТ.

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp