«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРУАЛАР ЖЫЛДЫ ТАБЫСТЫ АЯҚТАДЫ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында 2019 жылдың қорытындысына арналған кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша жүктелген міндеттердің жүзеге асырылу  барысы туралы баяндады. 

Ауыл шаруашылығы – мемлекеттің дамуына серпін беретін бағыттардың бірі. Саланы әртараптандыру қолға алынып, ғылыми орта мен кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы нәтижесін бере бастады. Сала өкілдері еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Облысымыздың агроөнеркәсіп кешенінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Үстіміздегі жылы 627 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылып, өсім 100,8 пайызды құрады, – деді Марат Иманбайұлы.

Биыл салаға 93,5 млрд. теңге инвестиция құйылса, ел бюджетінен 41 млрд. теңгенің демеуқаржысы бөлінген болатын. Бұл қолдаудың арқасында ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі жақсарып, түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, аграрлық секторды техникалық жарақтандыру жұмысы да өз жалғасын табуда. Машина-трактор паркі жаңартылып, “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы арқылы 37 млрд. теңгеге өнімділігі жоғары 1800 жаңа техника сатып алынды. 
Баяндамашының айтуынша, ауыл шаруашылығына тың технологияларды енгізу есебінен жыл сайын дәнді дақылдардың шығымдылығы артып отыр. Биыл өңір диқандары 5 млн. тонна астық жинады. Диқандардың қажырлы еңбегінің арқасында әр гектардан орта есеппен 16,8 центнерден өнім алынған. Майлы дақылдардың егіс көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 36 пайызға артып, 970 мың гектарға жасымық, күнбағыс және зығыр егілді. “Солтүстік соясы” бағдарламасы аясында аталмыш дақыл 20 мың гектарға сіңірілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен бес есе артық. Ал 2020 жылы соя алқаптарының көлемін 150 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
– Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы кооперативтері мен фермерлік шаруашылықтар “Сыбаға” бағдарламасы аясында Еуропа елдерінен төрт мың асылтұқымды ірі қара  сатып алды. Бүгіндері көптеген серіктестіктер мал шаруашылығына бет бұрып, сүт өндірісін қолға алуда. Атап айтқанда, Мамлют, Аққайың және Тайынша аудандарында 1600 басқа арналған үш тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы тағы он нысан құрылысын қолға алу жоспарлануда, – деді Марат Тасмағанбетов. 
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Еңбек өнімділігін арттыруды көздеген бұл шаралардың арқасында 118 шаруашылықтың 2 млн. гектар алқабында цифрландыру жүзеге асырылып, 4,9 млн. гектар алқаптың электронды картасы жасалды. 
Баспасөз мәслихатының соңында тілшілер облыс әкімінің бірінші орынбасарына өздерінің сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды. Мәселен, журналистер Айыртау ауданы Светлое ауылындағы “Жарқын СҚ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлескерлерге бірнеше айдан бері пай бермей отыруының себебін білгісі келетіндерін жеткізді. 
Бұл елді мекенде орын алған мәселеден хабардармыз. Аталмыш мәселе облыстық прокуратураның отырысында талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылған болатын. Арнайы жүргізілген тексеріс барысында аталмыш шаруашылық басшылығының салық төлеу мәселесіне де немқұрайды қарайтыны белгілі болды. Тұрғындардың өтініші аяқсыз қалмайды. Қазіргі уақытта мәселені сот арқылы шешудің жолдары қарастырылуда, – деді Марат Иманбайұлы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ақжар ауданындағы кейбір шаруашылықтардың шабындық жер ала алмай отырғаны туралы сауалға да жауап берді. Бірер жыл бұрын фермерлік шаруашылық құрып, шетелден ірі қара сатып алған іскер азаматтардың мал жаятын жерлері жоқ. Баяндамашының айтуынша, облысымыздағы 7 млн. гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуда. Дегенмен, жерді мақсатына қарай жарата алмай отырған шаруалар баршылық. Жүргізілген тексерістер нәтижесінде соңғы төрт жылда 670 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. “Қазіргі уақытта 309 мың гектар шабындыққа тексеріс жүргізілуде. Бұл жұмыстардың басым бөлігі Ақжар мен Уәлиханов аудандарында қолға алынуда. Сондықтан, бұл аудандарда шабындық тапшылығы болмауы тиіс. Атакәсіппен айналысуға ниет білдірген азаматтар қажетті құжаттарын жинап, конкурстарға қатысулары қажет”, – деді жиынды қорытындылаған Марат Тасмағанбетов.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp