«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРУАЛАР СЕРПІЛЕР СӘТ

Көктемгі дала жұмыстарының басталар сәті таяп қалды. Мамлют ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдары жауапты науқанға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бүгіндері “Агрофирма “Мамлютское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары науқанға қатыстырылатын техникаларға жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Әзірге кәсіпорындағы егін себу кешендерінің 80 пайызы көктемгі дала жұмыстарына дайын тұр. Серіктестік басшысы Рудольф Гасман биыл қардың жылдағыдан көп түсуін жақсылыққа балап отыр.

– Ауа райы мүмкіндік берсе сәуірдің 20-сына қарай көктемгі дала жұмыстарына кірісеміз. Алдымен егіс алқаптарын өңдеп, мамыр айының ортасында жерге ырыс дәнін сіңіреміз. 180 тонна жанар-жағармай сатып алдық. Бұл біз үшін жеткілікті, – дейді ол.

Серіктестік басшысының айтуынша, өткен жыл жемісті болған. Былтыр кәсіпорынның ырзығын жерден тапқан диқандары 12 мың гектар алқапқа майлы және дәнді дақылдар сеуіпті. Орақ науқанында ала жаздай күтіп баптаған астық берекелі өнім берді.

Көктемнің бір күні – қысқа азық екенін жете түсінген, сапалы астық жинау үшін көктемгі дала жұмыстары кезінде танап басында ерінбей еңбек ету қажеттігіне баса мән беретін диқандар биыл да 12 мың гектар алқапқа дән себуді көздеп отыр. Оның 9 мың гектарына майлы дақылдар егілмек. Қазіргі таңда агроқұрылымда шетелдік қуатты бес дән себу кешені бар. Серіктестік басшылығы жуырда тағы бір осындай техника сатып алмақ.

Егіннің бітік өсуіне минералды тыңайтқыштардың көмегі зор. Биыл шаруашылық зиянкестерге қарсы қолданылатын дәріге шамамен 250 млн. теңге жұмсамақшы.

“Агрофирма “Мамлютское” ЖШС-нің атқарушы директоры Владимир Грачёв жоғары сұрыпты тұқым, жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге қажетті тыңайтқыш сатып алуға жұмсалатын қаржыны субсидиялауға алдын ала өтініш бергенін айтады. Маусымдық жұмыс кезінде серіктестікте 126 адам еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақылары 117 мың теңгені құрайды.

Бүгіндері Мамлют ауданында егіншілікпен айналысатын 280-нен астам шаруашылық бар. Олар биыл 170 мың гектарға жуық алқапқа егін екпек.

Байболат ҚҰЛТАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp