
Алқатерек– іргелі қазақ ауылдардың бірі. Қанша экономикалық қиындықты өткерсе де, іргесі сөгілген жоқ. Қазір 150- дей үй бар. Әр отбасы төрт түлік өсірумен айналысады. Барлық әлеуметтік, мәдени нысандар істеп тұр. Мектебіміздің де еңсесі биік. Сыныптарды, даярлық топтары мен балабақшаны қосқанда 108 бала тәрбиеленеді.
Мен өзіміздің сүйікті газетіміз арқылы ауыл тұрғындары мен мұғалімдердің «Алқатерек-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бағаналы Асановқа деген ризашылық сезімін жеткізгенді жөн көрдім.
Бұл шаруашылық құрылған мезеттен бастап елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне мен проблемаларына жете көңіл бөліп, қаржылық жағынан көмектесіп келеді. Осы үш жылдың бедерінде мектеп жайын да назардан тыс қалдырған емес. Жөндеу жұмыстарын өз міндетіне алған. Әр мереке сайын оқушыларға сәлемдемелер әзірлеп, қамқорлық қолын созып отырады.
Биыл мектептің жылу қазандықтарын сыртқа шығару шараларына көмек беру туралы ұсынысымызды бірден қабыл алып, 9 млн. теңге бөлді. Бұл қаражат құрылыс шығындарына толығынан жетті.
Жаңа жыл қарсаңында жеткіншікте мен бүлдіршіндерге серіктестік есебінен сый-сияпаттар таратпақшы.
Біз, ұстаздар қауымы, іскер басшы, абыройлы азамат Бағаналы Мейірманұлына, ол жетекшілік ететін ұжымға зор табыс тілейміз.
Руслан ТАМЕНОВ,
Алқатерек мектебінің директоры.
Ақжар ауданы.