
Шоқыр Бөлтекұлы – өткен ғасырдың орта тұсында Алаш жұртының құрметіне бөленген көрнекті спорт маманы, қазақ жастарының арасынан шыққан Кеңес одағындағы алғашқы спорт шебері, қазақ боксының негізін қалаған біртуар тұлға.
Ол 1916 жылы Маңғыстау облысы, Жармыш ауылының маңында Сарқауақ деген жерде дүниеге келді. Әке-шешесінен ерте айырылған ол қиын-қыстау шақтарда туған қарындасынан да көз жазып қалады. Тоғыз жасында мектеп табалдырығын аттайды. Сурет салуға икемді бозбала 1932 жылы Әзірбайжанның астанасы – Баку қаласындағы суретшілер училищесіне түседі. Кейін Украинаның Киев қаласындағы көркемсурет институтында білімін жалғастырады. Ол бұл жерде Иван Ивановтың бокс үйірмесіне жазылады. Аптасына үш рет жаттығу Шоқыр үшін ешқандай қиындық туғызған жоқ. Бес айдан кейін жаңа тәрбиеленушілер арасында жарыс ұйымдастырылады. Шоқыр үш қарсыласпен шығып, бәрінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жас талапкердің аяқ алысын байқаған бапкер енді оны тәжірибелі спортшылармен шайқастырып көрді. Мұнда да қазақ жігітінің тегеуріні мықты екендігі байқалды. Иван Константиновичтің шәкірттері Киев, Львов, Харьков қалаларындағы жоғары оқу орындары студенттерімен көптеген жолдастық кездесулер өткізді. Соның бәрінде де Шоқыр Бөлтекұлы жеңіске жетіп, ұстаз мерейін өсіре түсті. Кейін ол елге оралған соң Алматыда бокс мектебінің іргетасын қалады. Өзі де шаршы алаңға шығып жүрді. Бірақ мұнда оған қарсы тұрар жан табылмады. Салмағы 63 килограмм болғандығына қарамастан, жаттығу кезінде өзінен әлдеқайда ауыр боксшылармен қолғап түйістірді.
Шоқыр Бөлтекұлы ел басына күн туғанда Ұлы Отан соғысына аттанды. 1943 жылы оқ пен оттың ортасынан жарақат алып оралған ол суретшілікпен айналысып, талапты жастарды боксқа жаттықтырды. Өзі де ринг төріне шығып, ел намысын қорғауды аңсады. Ал дәрігерлер болса, құлан таза айығу үшін екі-үш жыл уақыт қажеттігін қадап айтты. Әйтсе де, өзіне деген сенімі мол Шоқыр ол қиындықтарды да жеңе білді.
Ол кезде Қазақстанда одақтық жарыстарға қатысатындай дәрежедегі спортшылар тапшы еді. Сондықтан да кейбір мықтылар бірде “Динамо”, бірде “Спартак” ерікті спорт қоғамдарының жарыстарына қатыса беретін. Шоқыр Бөлтекұлы 1944 жылы “Спартак”, ал 1947 жылы “Динамо” ерікті спорт қоғамы орталық кеңесінің біріншіліктерінде күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар 1945-1947 жылдары қатарынан үш рет Қазақстан чемпионатында тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. 1947 жылы қазақ жастары арасынан ең бірінші болып КСРО-ның спорт шебері атанды.
Шоқыр Бөлтекұлы спортшылық ғұмырында 223 рет рингке көтеріліп, соның 199-ында жеңіске жеткен екен. Осыншама шайқастың жүзден астамын майданнан жарақаттанып келгеннен кейін өткізіпті. Ол 1947 жылдың күзінде біржола бапкерлікке бет бұрды.
Даңқты боксшының бапкерлік қадамына ел сүйсінді. Талантты жастар томағасын сыпырған қырандай бұрын алынбаған биіктерге самғап, жанкүйерлер қауымын қуанышқа бөледі. А.Үсенов, Е.Хасанов, ағайынды Омаровтар 1948-1956 жылдар аралығында бірнеше рет Орта Азия мен Қазақстанның чемпионы атанды. Мақсот Омаров 1957 жылғы КСРО чемпионатында қола, 1959 жылғы КСРО Халықтарының ХІ спартакиадасында күміс алқа тақты. Бұлардан басқа М.Хайрутдинов, Н.Титов, ағайынды Рехерттер, А.Кадетов, К.Қалдыбеков, С.Әбденәлиев, Х.Ахметов, Х.Нұрсейітов, К.Нәдірқұлов, Е.Сұлтанбаев сынды шәкірттерінің де бокс тарихында есімдері танымал. 1964 жылы бапкерліктегі жетістіктері үшін Шоқыр Бөлтекұлына Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.
Ол өте ұлтжанды еді. Оның тектілігі мен адамгершілігін, өз ісінің шебері екендігін бағалап, құрметтеген зиялы қауым өкілдері аз болмады. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Б.Майлин, халық қаһарманы Б.Момышұлы, белгілі сазгерлер М.Төлебаев, Б.Байқадамов, Н.Тілендиев, қазақ театры мен киносының жұлдыздары Ш.Айманов, Е.Өмірзақов, Ә.Өмірзақова, К.Кенжетаев сынды танымал тұлғалармен сыйластықта болғанын атап өту парыз. Бұған қоса танымал жазушыларымыз Б.Соқпақбаев, С.Бердіқұлов, С.Бақбергеновтермен де сәлемі түзу еді. Аталмыш азаматтардың алтын мен мысты ажырата білетін жандар екеніне ешкімнің күмәні болмаса керек. Демек, Шоқыр Бөлтекұлы да сол асылдардың қатарынан болатын.
Шоқыр Абай атындағы опера және балет театрында суретші бола жүріп, қазақ би өнерінің жұлдызы Нұрсұлу Тапаловамен танысып, 1954 жылы отау тігеді. Өнер иелерінің отбасында Ақсұлу мен Ақтоты есімді қыздар бойжетті. Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы жарық дүниемен қоштасты. Төрт жылдан кейін жұбайы Нұрсұлу өмірден озды.
Жүсіп ХИСЫМОВ.