Ертеде ұзатылған қыздар өзінен кейінгі бойжетіп қалған сіңлілерінің біріне өз мойнына салып жүрген орамалын міндетті түрде беретін дәстүр болған. Бұл оның “ендігі ұзатылатын кезек саған келді, бақытыңды тап, осы бастан жан-жақтылы әзірлене бер” дегені.
Бұл дәстүр “шарғы беру” деп аталады. Өз дәуірінде шарғы салынған қыздың жеңгелері бас қосып оған “құтты болсын” айтып, шай ішіп, әзілдеп, ойнап-күліп көңілін көтеріп, енді өзін қалай ұстау керектігі жайында ақыл-кеңес беріп отырған.
Тұрмысқа ұзатылған үлкен әпкесінен шарғы алысымен-ақ, бойжеткен жеңгелерінен үй тіршілігіне байланысты барлық нәрселерді үйреніп, тәжірибе жинақтайды. Сөйтіп, кейін өзі отау құрғанда бүкіл отбасының шаруасын емін-еркін меңгеріп әкететін іскер де ісмер келін болып шығады.