«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ ШАҢЫРАҚ

Ақ некесін мешітте қидырып, ата-аналарының батасымен отбасылық өмірге қадам басқан жарасымды жұптардың бірі – Мейрам мен Раушан Баймұқановтар.

Бір-біріне қамқор, сүйеу болып, орталарында ержетіп келе жатқан балаларына үлгі-өнеге көрсете білген ерлі-зайыптылар – әскери саланың қызметкерлері. Темірдей қатал тәртіпті, мінсіз қызметті талап ететін мамандықпен еңбек жолдарын байланыстыру – Мейрам мен Раушанның жүректен шыққан қалаулары.

Отағасы Мейрам ішкі істер басқармасы айдауыл қызметі бөлімшесінде 15 жылдан бері қызмет етеді. Полиция старшинасы өзіне жүктелген міндетті қашанда жауапкершілікпен атқаруға тырысады. Ұл-қыздарына сөзімен ғана емес, игілікті ісімен де өнеге көрсете білуді мақсат еткен отағасы жақында жаңа пәтердің кілтіне ие болды. Отбасылық қуанышқа зайыбы Раушан мен туған-туыстары ортақтасып, мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлыққа шексіз ризашылықтарын жеткізді.  

Үш балаға өмір сыйлаған Раушан әскери салада 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Раушан – погон таққан ару ғана емес, аяулы жар, асыл ана, инабатты келін.

– Көпжылғы арманымыз орындалып, баспанаға қол жеткіздік. Осындай бақыттың біздің де бағымызға бұйырғанына дән ризамыз. Көктемнің алғашы мерекесі қарсаңында жаңа екі бөлмелі пәтерімізге көшіп, қоныстойын тойладық. Балаларымыз қасымызда, баспанамыз басымызда, енді бұдан асқан қандай бақыт керек! – дейді Раушан.

Өмірде де, қызмет саласында да жұптары жазылмай бірге жүрген Мейрам мен Раушан – өнерге бір табан жақын адамдар. Әнді арқау еткен олар күйбең тірліктен бір сәт қолдары босаған кезде балапандарын қастарына жинап, гитарамен өлең айтқанды ұнатады. Ата-анасын үлгі тұтқан үлкен ұлдары Аслан бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы өнер колледжінде білім алуда. Бала кезінен ән-биге жақын өскен Аслан патриоттық тақырыптағы өлеңдер айтқанда алдына жан салмайды. Бала жүрегі “Елім, жерім!” деп соғып тұрған Асланның келешегіне ата-анасы да, ұстаздары да үлкен үміт артады.

Ағаларының соңынан еріп, қос қарлығаштай қанат қаққан қарындастары Аружан мен Мөлдірді үйдің сәнін келтірген қызғалдақ гүлдеріне теңеуге болады. Еркелігімен үйдің ішін нұрландыра түскен қыздарының тәтті қылығына тәнті болған ата-ана ботақандарын “Айналайын” сөзімен аялап, жылылық сезіміне бөлеуден аянған емес. Мерейі асқан Мейрам мен Раушанның ендігі арманы – еліміздің жарқын болашағы үшін абыроймен қызмет етіп, отбасы тыныштығын, берекесін сақтау. Шаңырақ шаттығы деген, міне, осы емес пе?..

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp