«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ ШЫРША

Жыл сайын осы мереке қарсаңында қоғамдық шараларға белсене қатысып жүрген үздік оқушылар, өнер, спорт салаларында жетістіктері бар, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, асыраушысынан айырылған балалардың басын қосып, Президенттік шырша ұйымдастыру дәстүрі биыл да ұмытылмады.

 Жаңажылдық шыршаға Петропавл қаласы мен аудандардан үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша оқуда жоғары нәтиже көрсеткен дарынды да талантты, әлеуметтік осал топтан шыққан 200-ге жуық өрен жиналды. Түрлі жануарлар мен ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін киіп, риясыз күлкісі мен жарқыраған жүздеріндегі шаттыққа толы көңіл күй сезілген бүлдіршіндерді осынау жарқын мерекемен облыс әкімінің атынан орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.
– Сіздер Тәуелсіз елімізде дүниеге келіп, жас мемлекетімізбен бірге жетіліп келе жатырсыздар. Сондықтан осы күнге дейін жасалған, атқарылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын істердің барлығы сіздердің болашақтарыңыздың жарқын болуына бағытталған. Яғни, келешекте елімізді дамыту жолында адал еңбек етулеріңіз үшін сіздерді сапалы біліммен қамтамасыз етуге барлық жағдай қарастырылуда. Сіздердің осыны түсініп, жақсы оқып, әртүрлі додаларда бақ сынап, үздік жетістіктерді көрсетіп жүргендеріңіз бізді қуантады, – деген Руслан Қанатханұлы келесі жылдың өрендер үшін бұдан да табысты, жеңіске толы болуын тіледі.
Өткен жылы өрендер киген “Бәйтерек” және “Рухани жаңғыру” костюмдері ерекше көзге түссе, жиналғандарды таңғалдырған образдар биыл да жеткілікті болды. Осы жолы “Ұлы дала” костюмі үздік деп танылса, “Еріктілер жылы”, “Жыл басы” костюмдерін киген балалар да айрықша атап өтілді. Ал Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай тігілген қазақы нақыштағы көйлек киген даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы (түзету) мектеп-интернатының төртінші сынып оқушысы Карина Пчелинцева мұғалімдерінің бұл образды дайындау үшін төрт күннен артық уақыт еңбектенгенін айтты. Дарынды қыз қазақтың бас ақынын сүйіп оқып, шығармаларымен де жақсы таныс екенін мақтанышпен жеткізді.

Мерекелік шараға қатысушы өрендерге Мемлекет басшысының ашықхаты, сондай-ақ, демалысқа арналған кілемше, компас, термос, тәттілер, Абай Құнанбаевтың кітабы салынған туристік рюкзак сыйға тартылды.  

Суреттер https://www.inform.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp