

Петропавл қаласы әкімінің дарынды балаларды Жаңа жылмен құттықтап, оларға арнап мереке өткізетін әдемі дәстүрі бар. Биыл да бұл үрдіс үзілген жоқ, өз жалғасын тапты. №4 орта мектепте өткен жаңажылдық шараға жүзге жуық балақай қатысып, мейірім шуағына бөленді.
Балалар үшін бұл қуанышты күннің орны ерекше. Мерекелік кеш Аяз ата мен Ақшақарға ерген ертегі кейіпкерлерінің шеруімен басталды. Шараның ашылу салтанатында қала әкімі Болат Жұмабеков балаларды Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сендер – елдің болашағысыңдар. Аға буын өскелең ұрпаққа зор үміт артады. Ата-аналарыңның бастамаларын жалғастырып, елдің жетістіктерін еселеу сендерге жүктелмек. Әрбіреуің жарқын болашақ үшін жақсы оқып, елдің лайықты азаматы болуларың керек, – деді Болат Серікұлы.
Биылғы шараға әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың ұл-қыздары да қатысты. Көздің жауын алатындай әсем киім киген олар кештің шырайын келтірді. Шара барысында оларға жаңажылдық қойылым көрсетіліп, балғындар би билеп, көңіл көтерді. Сонымен қатар әртүрлі ойындар ұйымдастырылып, әсем əннен шашу шашылды. Бүлдіршіндер түрлі түсті шамдармен безендірілген, төбесі көк тіреген шыршаға тамсанып, маңында суретке түсуді де ұмытпады. Шара соңында ертегі әлемінде жүргендей күй кешкен балаларға сыйлықтар үлестірілді.