
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мотошеруге қатысушылар өңірімізге табан тіреді. Оларды М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің алаңында облысымыздың бір топ азаматтары салтанатпен қарсы алды. Рухты әндер аспанға әуелеген шара барысында сөз алған Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов:
– Биылғы жылдың біздер үшін маңызы өте зор. Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің барлық аймақтарында ерекше салтанатпен тойлануда. Оған өткен аптада Астанада түркітілдес Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен салтанатты шара дәлел болса, осыдан бірнеше күн бұрын қаламызға “Ұлы Дала Елі” республикалық тарихи-мәдени экспедициясы мүшелері келді, – деді.
Қала басшысы мотобайкерлердің 130-дан астам этнос өкілдерінің ортақ Отанына айналған байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне сапар шегуі айтулы оқиға екенін айтып, қадамдарына сәттілік тіледі.
Содан кейін сөз алған “Қазақстан географиялық қоғамының” президенті, әлемге танымал саяхатшы, әйгілі байкер Дмитрий Петрухин:
– Мен Қазақстан туымен 150 елде болып, 250 мың шақырым жол жүрдім. Биыл біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудеміз. Қазіргі Қазақстанның өсіп-өркендеуінің арқасында біз өткен замандардағы баһадүр батырларымыз жайлы көбірек біле бастадық, – деп қала әкіміне Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип бейнеленген туды табыстады.
Тамыздың 29-да Алматы қаласынан шыққан мотошерушілер 11-ші қыркүйекте негізгі мерейтойлық шаралар өткен Астана қаласында болса, 9-шы қазанда мереке жалғасын табатын Тараз қаласына жетуді көздеп отыр. Мотошеру жыл бойы Петропавлдан өзге Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Арал, Байқоңыр, Түркістан және тағы басқа қалаларда болады.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.