«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАТЫРСЫЗ ҒИМАРАТТЫҢ ӘЛЕГІ КӨП

Соңғы жылдары облыс орталығында әлеуметтік-мәдени нысандар, тұрғын үйлер аз салынып жатыр дей алмаймыз. Тек биылғы жылы ғана 1446 пәтерлік 16 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бірнеше жекеменшік сауда орындары бой көтеруде. Мысалы, “Береке” шағынауданындағы Ухабов көшесінде үстіміздегі жылы “Береке” сауда орталығы пайдалануға берілді. “Қазақтелеком”, “Қазпочта” бөлімшелері де осы ғимараттан орын тауып, жергілікті тұрғындардың, қазақша айтқанда, “алыстан арбаламай, жақыннан дорбалауына”, яғни олар көрсететін қызмет түрлерін пайдалануына жағдай туды. Ұзындығы бір шақырымға да жетпейтін осы көшенің бойында тағы да өз өнімдерін ұсынатын “Зенченко және К” КС-нің сауда үйі, “Северный” минимаркеті, жеке кәсіпкер Леонтьевтің көпбейінді сауда орталығы салынып жатыр. Онсыз да 5-6 дүкені бар аядай жердегі болашақ сауда орындарының аралары тым жақын, кәсіпкерлердің пайда табуына қиындық туғызуы, ұсақ сауда орындарының жабылып қалуына әкеліп соқтыруы мүмкін демесеңіз, аталмыш ғимараттардың шағынаудан көркін аша түсетіндігі даусыз.

Біздің айтпағымыз – осындай ғимараттардың іргетасы қалай қаланады, төбелері қалай жабылады деген мәселе.

Бұрын, нақтырақ айтсақ, Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған кезде облыс орталығында “Севгражданпроект” деген ғылыми-жобалау институты болатын. Салынатын нысандардың жобалары Солтүстік Қазақстан облысының жер жағдайын және ауа райын ескеріп жасалатын. Жергілікті құрылысшылар солардың жобаларын пайдаланатын. Ел егемендігінің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезеңінде институт жабылып, оның орнына бірнеше жекеменшік жобалау мекемелері құрылды да, құрылыспен айналысатын компаниялар олардың ақыл-кеңесіне жүгіне қоймайтын дәрежеге жетті. “Севгражданпроект” жасаған барлық жобалары тамаша, тиімді болды деуден аулақпыз. Алайда, соларда жұмыс істеп жатқан, ұзақ жыл жобалау ісімен айналысқан мамандар облыс орталығының құрылымын, жер жағдайын жақсы білетіндігін, соған сәйкес жоба жасайтындығын жоққа шығара алмаймыз.

Оған бір-ақ мысал келтіруге болады. “Береке” шағынауданында пайдалануға берілген Назарбаев Зияткерлік мектебінің ғимараты республика бойынша бір орталықтан типтік болып жобаланып, жер қыртысын ескермей жасалғандықтан, құрылысының аяқталуы 2-3 жылға кешіктірілгенін бәріміз жақсы білеміз. Оған облыс орталығының көп бөлігінің батпақты жерге орналасқаны, іргетас салу үшін жер қазғанда су шығатындығы себеп болған еді. Өйткені, жаңа ғимараттың типтік жобасында іргетасын салғанға дейін 7-10 метрлік темір-бетон қадаларын қағу керектігі, содан кейін ғана темір-бетон блоктарынан іргетас қаланатындығы қарастырылмағанды.

Осы шағынауданның 5-ші қысқа Сенная, қазіргі Қ.Байболов көшесіндегі №69, №71 үйлердің сыртқы сәулеті жақсы болғанымен, екеуі де тек 1 және 2 бөлмелі пәтерлер болып жобаланғандығын, жалгерлік-коммуналдық үйлердің кезегінде 10-15 жылдан бері тұрған азаматтардың отбасы санына байланысты 3-4 бөлмелі пәтер алуға тиіс болса да, барды қанағат тұтып, бүгінгі күні “көңіл сыйса болды” деумен тұрып жатқандығын қалай түсіндіруге болады?

Сонымен бірге көпқабатты (5-7 қабатты) жаңа ғимараттарды шатырлы етіп салу облыс орталығы үшін ең өзекті мәселелердің бірі екендігін баса айтқан жөн сияқты. Кеңес Одағы кезінде шатырсыз салынған көпқабатты тұрғын үйлердің соңғы қабаттарының тұрғындары көктемде, жауын-шашында баспаналарына су кіретіндігін, одан құтылудың бірден-бір жолы шатыр орнату екенін жақсы біледі. Мысалы, осы “Береке” шағынауданының Ы.Ыбыраев көшесіндегі төртқабатты №17 тұрғын үй шатырсыз салынған болатын. Осыдан екі жыл бұрын ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы арқылы шатыр орнатып, көп жылғы бейнеттерінен құтылды. Ал қарсысындағы осыдан 13 жыл бұрын пайдалануға берілген бесқабатты 17 “а” үй төбесінің жұмсақ жабылғысын 2 рет күрделі жөндеуден өткізгенімен, мәселе әлі күнге толық шешілген жоқ. Енді шатыр орнатуы ғана қалды. Оған қосымша қаражат қажет.

Осындай шатырсыз ғимарат салу “ауруы” 2-3 қабатты әлеуметтік нысандарға да жұға бастаған сияқты. Кеңес Одағы кезінде пайдалануға берілген облыстық қуыршақ театрының үшқабатты ғимараты да шатырсыз салынған болатын. Олар да туындаған қиындықтан қосымша қаражат жұмсау арқылы әрең дегенде шатыр орнатып құтылды.

Соңғы жылдары бой көтерген “Береке” шағынауданындағы “Альфа-Север” ЖШС-і тұрғызған екіқабатты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының, Зауыт көшесіндегі құрылысын “Основание” ЖШС жүргізген екіқабатты “Астек-Авто” сауда орталығының ғимараттары да шатырсыз. Жұмсақ жабылғы технологиясы қолданылған. Сыртынан қарасаң, көз тояды. Бірақ екінші қабаттардан су ағып, сыз болған төбелер мен қабырғалар тапсырыс берушілердің берекесін алып келеді. Сондықтан өз құрылыстарына екі жылға кепілдік берген мердігер компанияларда да маза жоқ. Өйткені, бұл ғимараттар солай жобаланған. Құрылысшылар сол жобаға жүгінген. Кім кінәлі?! Адам факторы ма, әлде Қызылжар өңірінің қатал табиғаты ма?

– Бізде материалына қарай жұмсақ жабылғының битумды, битумды-полимерлі және мастикалы деп аталатын үш түрі де қолданылады. Осы іспен айналысатын құрылысшылар төбені жұмсақ жабылғымен жабу технологиясын жетік білмейді немесе жұмсақ жабылғыға қойылатын талаптарды қатаң сақтамайды. Сондықтан ондай ғимараттардың жұмсақ жабылғысы төзімсіз болып шығады. Соңғы қабаттардың су өткізіп алып, ылғалданатындығы да соған байланысты. Барлық мәселе технологияға тіреліп тұр. Әйтпесе облыс орталығында салынып жатқан 9-12-18 қабатты тұрғын үйлерді шатырлы етуге келмейді ғой. Ондай құрылғыны жел ұшырып әкеткен болар еді, – деп уәж айтады құрылыспен бірнеше жылдан бері айналысып жүрген білікті мамандар.

Олардың сөзін де жоққа шығаруға болмас. Алайда, біздің қатал табиғатымыз осы уәжге көне ме? Себебі, қыс бойы төбеге түскен қалың қар көктемге қарай үстіңгі жағынан еріп, түнге қарай қатып, мұзға айналатындығын, мұздың суағарларды бітеп тастайтындығын, қазақша айтқанда, осы мұздың “тас та, бас та жаратындығын қайтеміз? Барлық мәселе әр өңірдің табиғатына сай жоба жасап, соған орай тұтынушыларына күрделі мәселе туғызбайтындай жаңа ғимараттар салса ғой деген ой өзі тұрып жатқан қаланың сәулетімен бірге, оның сапалылығына да бейжай қарамайтын тұрғындарды мазалайды.

Облыс орталығында жаңа ғимарат іске қосылса, оның қасбетімен қоса шатырының бар-жоқтығына назар аударатыным да – сондықтан…

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp