
Мемлекет басшысының Жарлығымен түрлі деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі еліміздегі дәстүрлі шаралардың біріне айналды. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, ауыл, аудан басшылары жұртшылыққа өз жұмысының нәтижесін баяндауда. Осындай кездесудің бірі Қызылжар ауданының Прибрежный ауылдық округінде өтті.
Облыс орталығының іргесінен қоныс тепкен Қызылжар ауданында бүгінгі күні 47 мыңнан астам тұрғын бар. Ал аудан әкімінің есепті кездесуі өткен Прибрежный ауылдық округінде үш мыңға жуық адам өмір сүруде. Ауылдық округ құрамына Прибрежный, Тепличное және Шахау елді мекендері кіреді. Алайда, орта мектепте өткен кездесуге небары 50-ге жуық адамның келгенін де айтып өткен жөн. Жиналғандардың дені ауданның атқамінерлері екенін көріп, тіпті, ұнжырғамыз түсті. Тұрғындардың бейқамдығынан осындай жағдай орын алды ма, әлде есепті кездесу жөнінде көпшілікке дұрыс ақпарат жетпеді ме, бізге ол жағы беймәлім.
Ауылдық округтің әкімі қызметіне жуырда ғана кіріскен Думан Закирин алдымен әлеуметтік, экономикалық салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сөзіне сенсек, жыл сайын аудан бойынша 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, нәтижесінде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер саны азайған. Мемлекеттің шағын және орта бизнеске қолдау танытуы кәсіпкерлікке бет бұрушылар қатарының еселенуіне оң ықпалын тигізуде. Сондай-ақ, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының да жас мамандардың ауданға бет бұруына көмегі зор. Бүгінгі күнге дейін мұнда бағдарламамен келгендер саны – 830. Өткен жылы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан 40 жас маманға 6,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал 115,4 миллион теңге қаражат бағдарлама аясында баспаналы болғысы келген 33 адамға берілген.
Қаланың іргесінде орналасса да, аудандық және ауылдық маңызға ие жолдардың сапасы сын көтермейтіні белгілі. Жергілікті билік өкілдері биыл бұл мәселе шешімін табады деп отыр. Өйткені, бұл мақсатқа 575 миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ аудан тұрғындары үшін тақтайдай тегіс жолмен жүретін уақыт туады дегенге илану қиын. Өйткені, бұған дейін де аудан басшылары уәдені үйіптөгіп бергенін тұрғындар ұмыта қойған жоқ. Мысалы, облыс орталығынан небары 14 шақырым жердегі Шахау ауылы тұрғындарының шұрық-тесік жолмен жүруге еттері әбден үйренген. Көпшілігі қалада жұмыс істейтіндіктен, күніне бірнеше мәрте қатынауға тура келеді. Олардың жол мәселесін айтып бармаған жерлері, қақпаған есіктері жоқ. Ауыл тұрғындарының үміттері үзілген сыңайлы. Әйтпесе, аудан әкімінің есебінде төбе көрсетулері керек еді ғой. Жеті жүзден астам тұрғыны бар ауылдың проблемасы жол ғана емес екенін біз де жақсы білеміз. Ауылдағы оқырмандарымыз талай рет редакциямызға хат жазып, көмек сұраған болатын.
Аудан атқамінерлері ауылішілік жолдардың да сапасы сын көтермейтінін мойындап отыр. Тұрғындарды бұл мәселені кезең-кезеңмен шешеміз деп сендірді. Сөздерінде тұрса құба-құп, жұртшылықтың ауылдың сапасыз жолдарынан көздері ашылар еді.
Аудан әкімі Жанат Сәдуақасовқа сұрақ қойғандардың бірі – Озерный орта мектебінің мұғалімі Нартай Молдахметов. Ол – “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Прибрежный елді мекеніне келіп, жұмыс істеп жатқан жастардың бірі. Бірақ 2009 жылдан бері жас маман ретінде бағдарлама игілігін көре алмай отыр. Жас мұғалім жеңілдетілген несиеге үй сатып алғысы келмейді, сол қаржыға жаңа баспана салуды көздейді. Он жылға жуық осы проблемамен қаншама бастықтың табалдырғын тоздырған ол бұл жолы да мардымды жауап ала алмады. Аудан әкімі бағдарлама талаптарында құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу қарастырылмағанын айтты. Соған қарағанда оның үй саламын деген арманы жақын күндері жүзеге асуы неғайбыл.
Аудан әкімінің есепті кездесуінде сөз алғандардың бірі – Аманбай Сәдуов. Прибрежный ауылындағы “Арман” шаруа қожалығының басшысы неше жылдан бері жайылымдық жер ала алмай зар илеп жүр. Өзінің жылқыларына ауыл тұрғындарының да малын қоса бағатын оның еншісінде бар болғаны 80 гектар ғана жайылым бар. Билік басындағылар ауылдың аумағындағы мал жаятын жерді басқа округтің тұрғынына берген. Ал бұл кісінің өтініші аяқсыз қалған. Кәсіпкердің ашынатын да жөні бар. Былтыр төрт миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Шабындық жерден шөп шауып, ауылдастарының сұранысын қанағаттандырамын деген жоспары да жүзеге аспай қалған. Екінші топтағы мүгедек жанды аудан атқамінерлері осылайша әуре-сарсаңға салып қойған. Жайылымдық жерге қолы жетпегеннен кейін ол амалсыз сотқа жүгінген. Аудан әкімі биыл жайылымдық жер көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғандарын, ойлары жүзеге асса бұл мәселе оң шешімін табатынына сендіргендей болды.
Айтпақшы, бүгінгі күні 1500-ден астам тұрғыны бар қала іргесіндегі Прибрежный ауылында жастардың демалыс орны жоқ екен. Мемлекет басшысы биылғы жылды “Жастар жылы” деп жариялап отыр. Сондықтан ауылдағы қыз-жігіттер үшін мәдени орын қарастырылса деген тұрғындар уәжі орынды. Бірақ Жанат Сәдуақасов клуб ғимаратын салу аудан қазынасына ауыр тиетінін айтып, бос ғимарат сатып алу жайын қарастырып көретіндерін жеткізді. Бұл мәселе бұған дейінгі әкімдер есебінде де талай мәрте көтеріліпті. Бірақ әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Биыл да ауылдықтардың өтініші ескеріледі дегенге сену қиын.
Уақыт еншісіндегі мәселенің бірі – дамба құрылысы. Көпшілік 2017 жылдың көктемінде Прибрежный ауылы қар суының құрсауында қалғанын әлі ұмыта қойған жоқ шығар. Қаншама тұрғын үйді су шайып, ауылдықтар шығынға ұшырады. Қыстыгүні қар аз түссе екен деп, жандарын шүберекке түйіп отыратын елді мекендегілер тозығы жеткен дамба қар суына төтеп бере алмайтынын айтады. Сондықтан бұл мәселеге билік басындағылар бейжай қарамаса дейді.
Бұдан бөлек, ауыл көшелерін жарықтандыру, қар тазалау, қоқысты тиісті орындарға төгу, тағы басқа да мәселелер көтерілді. Прибрежный ауылының өзінде шешімін күткен мәселелер шаш етектен екен. Шахау мен Тепличное ауылдарының да түйткілі аз емес екеніне сенімдіміз.
Түрлі деңгейдегі әкімдер есебі билік өкілдерінің қордаланған проблемаларды шешіп, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай тудыруы үшін өткізіледі емес пе?! Ал ауыл жұртшылығының басым бөлігі келмеген жиынды өз деңгейінде өтті деу қиын.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,“Soltústіk Qazaqstan”.