7-сынып оқушысы шахмат ойнауды үйренемін дегендерге арнап тренажер жасады. Болашақ инженер Ерлан Құдайберген Аққайың ауданы У.М.Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебінде білім алады.
Ол жасаған шахмат тренажері ойынды үйренгісі келетін, бірақ фигуралардың жүрісін білмейтіндерге арналған. Электронды құрылғыдағы фигураны қозғаған кезде шам жанып, оның жүріс жолын көрсетеді. Сондай-ақ дыбыс арқылы оның ерекшелігі айтылып, кеңес беріледі.
– Тренажерді жасауға Президентіміздің шахмат ойынын мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсынысы себеп болды. Ұстазым Берік Аманжол бастамамды қолдап, көмектесті. Алты ай бойы еңбектендік. Қажетті бөлшектерін сатып алып құрастырдық, бағдарламалық кодын жазып шықтық, – дейді Ерлан Құдайберген.
Ерлан осы жобасымен республикалық байқауға қатысып, «Информатика, робототехника, STEM және инженерия» секциясында 2 орынды иеленді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».