«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШАХНАМА” – ӘДЕБИЕТ ЖАУҺАРЫ

  

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Фирдоусидің “Шахнамасы” – әлем әдебиетінің жауһары” атты көрме өтті.

Шараға Иран Ислам Республикасы елшілігі мәдени өкілдігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин қатысты. Елшіліктің мәдениет өкілдігі ұйымдастырған көрмеде сәндік-қолөнердің жүзден астам бірегей үлгісі көрермен назарына ұсынылды.

Көрмеге қыштан, металдан жасалған түрлі заттар мен әшекей бұйымдар қойылды. Қонақтар сәндік қолөнер және тұрмыстық бұйымдарды тамашалады. Иранның дәстүрлі өнерінің сирек үлгілеріне жататын ежелгі парсы техникасымен жасалған ағаш бұйымдар да келушілердің қызығушылығын тудырды. “Минакари” стилінде орындалған металл құтылар мен табақшалар көрменің сәнін аша түсті. “Минакари” – металл мен қыш бұйымдарын арнайы эмальмен безендіретін айрықша ирандық тәсіл. Бірнеше мың жыл бұрын пайда болған бұл әдісті шеберлер бүгінгі күнге дейін пайдаланады.

Парсы әдебиетінде “Шахнама” поэмасының орны ерекше. Көрмеге келушілер иран және орыс тілдеріндегі шығармамен және поэма сюжетін айқындаған “Тұс қаласындағы данышпан мүсіні”, “Сиявуштың оттан өтуі”, “Шангал шах және Бахрам Гур шах шайқасы көрінісі”, “Сухрабты Рустамның өлтіруі” сияқты тағы басқа картиналармен танысты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp