«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАШТЫ ЖАЮ — ЖАМАНДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Қазақтың қызы десе бірден көз алдымызға ажарына ақылы сай бойжеткеннің бейнесі келеді. Бір кездері хас сұлуларды өлең-жырларға қосқан ақын-жазушыларымыз олардың ешкімге тең келмес әсемдігіне “Қолаң шаш, қара көз, қиылған қас, бойынан бір мін де табылмас…” деп сүйсінген. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қыздарымыз шетелдіктерге еліктеп, киім киісті былай қойғанда, шаштарын жайып жүруді әдетке айналдырып барады. Әрине, бұл заманның ағымы немесе жастардың таңдауы деп әңгімені жылы жауып тастауға да болады. Бірақ мен ондай оймен келісе алмаймын. Бағзы заманнан бері қазақ қыздары шаштарын жайып жүрмеген. Тұрмыс құрмаған қыздар қос бұрымдарына шашбау тағып, ерекше әсемдікпен көздің жауын алған. Кейін ана болғанда бастарына ақ орамал тақса, әжелер маңдайын, иегін айнала жауып тұратын кимешек киген. Қазіргі алпыс-жетпіс жастағы қариялардың шашының бір талын да жан адамға көрсетпейтіндей етіп жинап, бастарына ақ орамал тағып жүргендері сол кездегі тәрбиеден қалған. Шашты жалбыратып жайып жүрген мүмкін сырт көзге әдемі көрінетін де шығар. Бірақ жиналмаған шаш жерге түседі, оны адамдар аяқтарымен басады. Осының несі жақсы?

Біле білген адамға қазақ екі жағдайда ғана шаш жайған. Құдай бетін аулақ қылсын, әрине, бірақ оның бірі – жау шауып, ел иесіз қалғанда. Ал екіншісі – күйеуі мезгілсіз қазаға ұшырағанда әйел шашын жайып жоқтаған. Үлкен адамдардың “шашыңды жаймай жүр” деген сөздерінің төркіні осында жатыр. Жастардың осындай нәрселерді біліп жүргендері артық болмас. Сәннің аты сән, одан да қалуға болмайды, бірақ салт-дәстүрді ұмыту дұрыс емес.

Қыздар болашақ аналар оларды осы бағытта тәрбиелеп, дұрыс бағдар беріп отыру керек. Ненің жақсы, ненің жаман екенін оларға мысалмен көрсетіп, аналары, жеңгелері, әжелері үнемі айтып отырса, осындай олқылықтар болмас еді. Әрине, заманның ағымымен жүргісі келетін жастарды да түсінуге болады. Бірақ ажарлы аруларымыз шашбау тақпаса да, шаштарын жинап жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Күлбарам МҰҚАЖАНОВА,

зейнеткер.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp