«Мерей» өнер мектебі – Қызылжар ауданындағы жалғыз өнер орталығы. Мектеп ашылған күннен бастап «Шашу» домбырашылар ансамблі көрермендерін өз өнерімен тәнті етуде. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Берік Жанатов.
Берік Сәбитұлы 2001 жылы облыс орталығындағы өнер колледжін тамамдап, Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында орналасқан алғашқы қазақ мектебінде домбыра үйірмесін ашып, балаларға тәлім бере бастады. Жас маманның үй-үйді аралап, домбыра іздеп, үйірмесіне оқушыларды шақырып жүрген кезі әлі есінде. Міне, бұған да көзді ашып-жұмғанша 25 жылдай уақыт болған екен. Осы уақыт ішінде ансамбль құрамы бірнеше рет ауысып, игі іс әлі де жалғасын тауып келеді. Қазіргі таңда Берік Сәбитұлының шәкірттері өз өнер орталықтарын, жеке ансамбльдерін құрып, ұстаздың ұлағатты ізін жалғастыруда. 80-нен астам түлек ұшырған ол еңбегінің ақталғанына риза.
«Оқушыларымның жетістігін көргенде өзім биікке шыққандай қуанамын. Олар да бүгінде бір-бір үйірме мен өнер ұжымының тізгінін ұстап отыр. Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Өз басым менің шабытымды шыңдап, қатарға қосқан облысқа танымал «Күдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі, ұлағатты ұстаз Тойкен Күдерованың еңбегін ешқашан ұмытпаймын», – дейді Берік Сәбитұлы.
Ансамбльдің жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Түрлі мәдени-шаралардың көркін қыздырған бұл ұжым бірнеше рет өнер әлемінде өзінің кәсібилігін көрсете білді. Тіпті үлкен сайыстардан да олжамен оралған кезі көп.
Қызылжар ауданының мақтанышына айналған ансамбльдің атауы 2004 жылы «Шашу» домбырашылар ансамблі болып бекітілді. Өнердің нұрын шашып келе жатқан «Шашу» домбырашылар ансамблінің алар асуы әлі де көп. Аспаптық ансамбль сол уақыттан бастап жалпы өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, ауданның мәдени саласының дамуына үлесін қосып келеді.
Жуырда «Шашу» домбырашылар ансамблінің жаңа құрамы елордада өткен «Астана жұлдыздары» халықаралық өнер байқауына қатысып, жүлделі 1 орынға ие болды. Өнер сайыстарында бақ сынап жүрген бұл ұжымның бұдан да басқа жетістігі аз емес. Ансамбль Астана, Қарағанды, Көкшетау, Ресейдің Санкт-Петербург, Омбы, Мәскеу сынды қалаларында болып, жүлделі оралғандарын атап өткен жөн.
«Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» демекші, шәкірттерің биіктерден көрініп, жетістікке жетіп жатса, одан асқан бақыт бар ма? Ансамбльдің репертуары кең. Домбырашылар халық күйлерін, шетел және белгілі композиторлардың шығармаларын нақышына келтіре орындап жүр. Тынымсыз еңбек, ізденіс қана өз нәтижесін береді», – дейді Берік Жанатов.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».