«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫМ КӨБЕЙІП, ТЕКСЕРІС ЖИІЛЕП ТҰР

Биылғы жылы өңір тұрғындарының тіс емдеу емханалары мен фармацевтикалық және медициналық қызмет түрлерінің сапасына шағымы көбейген. Бұл жөнінде облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті бастығының орынбасары Айгүл Алыпқаринаның қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің дәстүрлі шарасына денсаулық саласындағы қызмет түрлеріне бақылау жасайтын органдардың жетекшілері шақырылған екен. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алдымен медициналық қызметке ақы төлеу бойынша облыстық департаменттің басшысы Дәуренбек Бейсембаев ақпарат берді. Оның айтуынша, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілуі медицина саласын жаңғыртудың тиімді тетігіне айналған. Соның нәтижесінде сапалы медициналық көмек тұрғындар үшін қолжетімді. Себебі, әрбір сырқаттанушы өзі қалаған емханаға көріне алады. Сонымен қатар, биылғы жылға стационарлық, амбулаторлық және жоғары мамандандырылған медициналық көмек қызметіне 6,5 миллиардтан астам теңге бөлінген. “Бүгінгі күні кардиологиялық, хирургиялық ауру түрлеріне ауыр отаның өңірімізде жасалуы өлім-жітім көрсеткішін азайтып отыр”, – деді Дәуренбек Жұмағұлұлы.  

Ал Айгүл Алыпқарина облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің мамандары жыл басынан бері денсаулық сақтау ұйымдарына 98 мәрте тексеріс жүргізгенін айтты. Оның 12-сі – жоспарлы, қалған тексерістер тұрғындардың шағымына орай жүргізілген. Мұндай шараларға тәуелсіз медициналық сарапшылар тартылған екен. Биылға олардың саны – 43. Тұрғындардың көп жағдайда медициналық қызмет көрсетудің сапасына көңілдері толмайтын көрінеді. Қолданыстағы заңнамалық құжатқа сәйкес жүргізілген тексеріс нәтижесінде тұрғындар уәжінің дұрыс-бұрыстығы анықталған.

Журналистердің АҚШ доллары бағамының өсуінен дәрі-дәрмектер қымбаттап жатқан жоқ па деген сұрағына департамент басшысының орынбасары: “Мұндай келеңсіздікке жол бермеу мақсатында жергілікті билік өкілдері фармацевтикалық ұйымдармен меморандумға қол қойды”, – деп жауап берді. Сондай-ақ, құқық бұзушылық әрекеттердің көбі басшылық тарапынан медицина органдарының жұмысына бақылаудың әлсіздігінен орын алатындығы белгілі болды.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp