«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫМ – ТІКЕЛЕЙ ТІЛДЕСУ ҚҰРАЛЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнату керектігін атап айтқан болатын.

«Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттік органдардың жұмысы барысында азаматтардың өтініштерін қарастыруға қатысты кемшілік көп. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне келіп түскен шағымдардың көпшілігі мемлекеттік органдардың сапасыз әрі толық емес жауап жолдағанына және әлеуметтік мәселелерге қатысты болды. Мұның негізгі себебі мемлекеттік орган қызметкерлерінің азаматтардың сұрақтарына толыққанды жауап бермеуінде. Егер нақты, толыққанды және жан-жақты жауап берілсе, азаматтар жоғары тұрған органдарға қайта шағымданбас еді.
Шағымдарға халықпен кері байланыс құралы ретінде қараған жөн. Мәселен, Батыс елдерінде арыз-шағымдарға деген көзқарас мүлдем басқа. Дамыған мемлекеттерде қызмет көрсететін ірі компаниялар шағымдарда көрсетілген сын арқылы өз жұмысын жақсартып, өнім сапасын арттыра түседі.
Кім де кім шағым айтып жүгінсе, жұмыста қандай да бір түйткіл бар деген сөз. Сондықтан, шағым азаматтармен тікелей байланыс жасаудың тиімді және маңызды құралдарының бірі болып табылады. Бұл – мемлекеттік аппаратты дамытуға және жұмысты жақсартуға бағыттайтын жол. Бұл ретте ескеретін бір жайт, өтініште тек нақты дәлелдер, шынайы сын көрсетілуі шарт. Өзге мақсаттарға бағытталған шағым уақытты зая кетіреді.
Мемлекеттік органдардың барлығында бүгінде сенім телефондары жұмыс істейді. Азаматтардың көптеген мәселелерін жазбаша шағымсыз-ақ, сенім телефоны арқылы да шешуге болады. Осындай шаралар лауазымды тұлғалар үшін тұрғындармен тиімді өзара пікір алмасудың мүмкіндігі болып табылады.

Нұргүл ҚАХАБАЕВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы.

Сурет https://24.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp