«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫН НЕСИЕНІҢ ШАРАПАТЫ

Өңірде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп жатқандардың қатары артып келеді. Мәселен, тек Қызылжар ауданында үстіміздегі жылы аталмыш жоба бойынша 44 азаматқа 12 миллион 500 мың теңгенің шағын несиесі берілген. Оған қол жеткізгендердің бірі – Болат Сабыров. Жеке кәсіпкер мемлекеттік көмектің арқасында таяуда Бескөл ауылында техникалық қызмет көрсету орталығын ашты.

Қызылжар ауданының орталығында іске қосылған “Тұлпар” техникалық қызмет көрсету станциясы – осы ауылдағы тоғызыншы орталық. Іскер азаматтың кәсібін дөңгелетуге “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы көмек болған. Қазір мұнда күніне 6-7 автокөлікке қызмет көрсетіледі. Жаңа станцияда үш адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

– Мамандығым бойынша механикпін. Бүгінгі күні біздің жасымыздағыларды ешкім жұмысқа алмайды. Сосын өзіме жұмыс істейін деп алты пайыздық үстемеақымен үш миллион теңге несие алып, техникалық қызмет көрсету орталығын салдым. Қажетті қондырғылардың бірін облыс орталығынан алсам, енді бірін Алматыдан әкелдім. Осылайша нысанды төрт айдың ішінде іске қостым, – дейді жеке кәсіпкер.

Шағын және орта бизнес ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуы керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткен болатын. Осы тұрғыда “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы жасалып, өмірге жол тартты. Бүгінде шарапаты мол жобаға қызығушылық танытқандар саны ауылдарда да жыл санап арту үстінде.

– Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 44 азамат 12 миллион 500 мың теңгенің шағын несиесін алды. Олардың отыздан астамы қаржыларын мал шаруашылығына бағыттаса, сегіз кәсіпкер қызмет көрсету саласын ашты. Қалғандары қолданыстағы кәсіптерінің ауқымдарын кеңейтпек, – дейді Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Ботагөз Оразбаева.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp