«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІНЕ ҚОЛДАУ

Өткен жылдың қазан айынан бастап “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша “Даму” қорының кепілдігі мен демеуқаржысын шағын қалалардың барлық салаларының кәсіпкерлері ала алады.

Облысымызда төрт шағын қала бар, олар: Тайынша ауданындағы Тайынша, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево, Шал ақын ауданындағы Сергеевка және Мамлют ауданындағы Мамлютка қалалары. Олардың әрқайсысында орта есеппен 8 мыңға жуық адам тұрады. Бағдарламадағы өзгерістердің арқасында салалық шектеусіз барлық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға ие болмақ. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында, құрылыс пен сауда салаларында жұмыс істейтіндер де “Даму” қорының көмегін алатын болып отыр.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына шағын қалалардың сауда саласының да енгізілгенін естіген Тайынша қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Баян Ысқақова бірден “Даму” қорының кепілдігін алуға асықты. “Ысқақова Б.Д.” жеке кәсіпкерлігінің “Рахмет” дүкені – Тайынша қаласының орталығында орналасқан және жергілікті тұрғындар жиі сауда жасайтын орын. Дүкенде тамақ өнімдері, тұрмыстық химия және халық тұтынатын тауарлар сатылады. “Delta Bank” АҚ филиалының кредиттік қаржысына кәсіпкер қосымша сауда құрал-жабдықтарын алуды және тауарлар түрін көбейтуді жоспарлаған еді, тек оған кепілдік қамтамасыз етілуі жетіспеді және кредит бойынша сыйақы пайызы жоғары болды. Банкке “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына қатысу өтінішімен барған Баян Ысқақова бағдарламаға енгізілген өзгерістердің арқасында қолдау тапты. Бүгінде “Ысқақова Б.Д.” жеке кәсіпкерлігі банктің кредиттік қаржысына сауда құрал-жабдықтарын және халық тұтынатын тауарлар алды, ал “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының көмегімен кәсіпорын банктің сыйақы ставкасын жылдық 7 пайызға дейін төмендетті және аталмыш кредит бойынша “Даму” қорының 50 пайыздық кепілдігін алды.

Кепілдікті қамтамасыз етудің жетімсіздігі кәсіпкерлердің банктің кредиттік қаржысына қол жеткізе алмауының басты себептерінің бірі болып келді. Бүгінде бұл проблеманы шешуге “Даму” қоры көмектесуде.

Гүлмира ЖАҚЫПОВА,

“Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалының менеджері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp