Жас қазақ мемлекетінің дамуы, нығаю жолдары оңай болмағаны аян. Ол өз алдына мемлекеттік құрылым болып ту көтергеннен былай барлық рулардың басын біріктіруге күш салды, өз құрамына Сыр бойындағы қалаларды қосып алды.
Қазақтың тұңғыш хандары қоғамды ұйыстыруға қол жеткізді. Алайда, билік басына олардан кейін келген хандардың кейбіреулерінің мемлекет тұтастығын сақтауға дәрмені жете бермегендіктен, бірлікке сызат түскені де белгілі. Бұл, әсіресе, қазақ-жоңғар соғыстарында осындай бірліктің осалдығын байқатты. Соның салдарынан қазақ мемлекетінің алға қарай дамуы ұзақ жылдарға шегерілді.
ХV ғасырдың соңынан ХХ ғасырдың басына дейін қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күресі өріс алып, қазақ зиялы қауымының ұлттық-демократиялық партия құруына қол жеткізді. Бұл ретте «Алаш» партиясы зияткерлік өрлеу, демократия, қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғау мақсатын көздеді. Партия символдық мүддемен қазақтың Алаша ханының құрметіне осылайша аталды. Оның баспасөз құралы “Қазақ” газеті болды. Бұл басылым арқылы “Алаш” партиясының көсемдері қазақ халқын ұлт болып бірігуге шақырды, оның құқықтарының қорғалуы жолында күресті, мемлекеттілікті қайтадан қалпына келтіру мақсатын көздеді, бұл үшін империя иелігіндегі жерлердің қайтарылуын талап етті, қазақ тілін дамытуды қолға алды.
Сонымен бірге, “Алаш” партиясы тек қазақ халқының ғана емес, осы өлкедегі басқа да этностардың шоғырланып, бірігуін жақтады.
Бірақ кеңес кезеңінде қазақтың өзіндік сана-сезімінің қалыптасып, өркендеуін көздеген ұлттық ұмтылысы саяси өктемдіктің ызғарына тап болды.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін қазақ халқының дамуында жаңа кезең басталды. Халық өзінің басты мақсаты – ұлттық мемлекеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасы өмірдің небір сындарынан өткен, барлық қазақстандықтардың болашаққа сенімі нығайған, әлем елдерімен саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік салаларда әріптестік орнатқан мемлекет болып отыр. Еліміз жаһандық сындардан өту үшін топтаса білуде.
Қазақстан Республикасында қазақстандық патриотизм үлкен топтастырушы күш-қуатқа айналған. Елбасымыз бұл ретте “Мәңгілік Елді” қоғамымыздың ұлы құндылығы деп білетінін мәлімдеді.
“Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де “Мәңгілік Ел” деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!” – деді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 11 қарашадағы “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған сөздері елімізде 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуынан бастау алады деуіміз керек. Бұл жалпыхалықтық ұйымның құрылуы еліміздегі этникалық топтардың, конфессиялардың өзара достығына, бірін-бірі сыйлап, құрметтеуіне, еліміздің тұтастығы мен ұлттардың рухани келісімін сақтауға деген жауапкершілігіне негізделген мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы.
Осының арқасында Қазақстан өзінің тәуелсіздікке қолы жеткен жиырма жылдың ішінде түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің, алуан мәдениеттерді ұстанушылардың тату-тәтті тұрмыс пен ынтымақты сақтап, өмір сүруінің мүмкін екендігін бүкіл әлемге айғақтады. Бұл орайда толеранттықты барлық этностар мен олардың мәдениеттерін біріктіріп тастау деп ұқпау керек. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясат мына негізгі бес бағытты көздейтінін айтуға тиіспіз.
1. Қазақстан халқының бірлігі.
2. Қазақ халқының топтастырушылық рөлі.
3.Қазақстан халқының толеранттылығы мен жауапкершілігі.
4.Қазақстандағы этностардың мәдениеттері мен тілдерін дамытуы үшін барлық жағдайларды жасау.
5.Этникалық, конфессияаралық, мәдени және тіл әралуандығы.
Мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығы, ойдағыдай дамуы және қауіпсіздігі оның тұрмысының маңызды факторы болып отыр.
Осы ыңғайда Н. Назарбаевтың 2008 жылдың 28 қазанында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында “Елдің күш-қуаты – халықтың бірлігінде” деп атап көрсеткенін барша этностар өкілдері оң пайымдап, ұғынды.
Қазақстандық қауымдастықта топтасу, бейбітшілік пен рухани келісімді сақтау мақсатында еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары ашылды. Бүгінгі таңда елімізде осындай он кафедра жұмыс істеуде.
Мұндай кафедра біздің университетте 2014 жылғы 28 сәуірде шаңырақ көтерді. Кафедрада профессорлар-оқытушылар құрамының және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің есебінен этносаралық мәселелермен айналысатын ғылыми-әдістемелік бірлестік құрылды.
Кафедраның мамандары барлық студенттерді қамтып, “Этностық-конфессиялық келісімнің қазақстандық моделі” курсын жүргізеді. Діни сауаттылық, рухани-адамгершілік даму, патриоттық тәрбие, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту – кафедра жұмысының арқауы.
Сонымен бірге, ол өзінің қызметін университеттің профессорлары мен оқытушыларының зияткерлік, білімдарлық әлеуетін біріктіре отырып, этностар арасындағы қарым-қатынастар мәселелері бойынша облыстың мемлекеттік, білім мекемелерінің және этномәдени бірлестіктерінің қызметін іс жүзінде үйлестірумен айналысады.
Бізде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың барлығы Елбасымыздың “Мәңгілік Ел” идеясы арқылы Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға жетуімізге үлесімізді қосуға бағытталған.
Людмила ГРИВЕННАЯ,
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты.