«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҢЫРАҒЫМ ШАТТЫҚҚА ТОЛДЫ…

Туып-өскен атамекенім – Есіл ауданындағы Амангелді ауылында жұмыстың реті болмағандықтан, осыдан он жыл бұрын қалаға қарай жылжыған едік. Қолымда кәрі анам мен әйелім және екі балам бар, барлығымыз Петропавлдан үй жалдап тұрдық. Мен өзім 1995 жылы әскер қатарына шақырылып, сол кездегі Целиноград қаласындағы әскери бөлімге түсіп, Отан алдындағы міндетімді бір жыл атқарып қалған кезде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр стансасында үлкен жарылыс болды. Сол апатты жою шарасына аттанған әскери бөлімнің құрамында мен де бар едім. Сонда бір жыл бойы денсаулыққа қауіпті жерде жүргендіктен, денсаулығым ерте сыр беріп, жасым қырыққа жетпей, 2-ші топтағы мүгедектер санатына қосылдым.

Әке болған соң балалардың да болашағы ойландырады емес пе?! Оларды жақсы білім мекемесінде оқыту, ішетін тамағын тауып беру, тұратын жерлерін жылы ету – менің міндетім. Сондықтан болар, бірер жыл пәтер жалдап, үйден-үйге ауысып жүрген отбасымның жайсыз күйі менің көңілімді қатты құлазытатын еді. Қала тұрғыны ретінде үй кезегіне 2005 жылы тұрып, жақсы жаңалықты сарғая күткен күндердің қалай сырғитынын үйі жоқ адам жақсы түсінеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауларында халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылып, оны жүзеге асырудың бағыттары белгіленген кезде отбасымызбен болашақтан жақсылық күтіп отырдық.

Соңғы жылдары Петропавл қаласында, әсіресе, “Береке” шағынауданында бірнеше тұрғын үйлер бой көтеріп, жерлестеріміздің қоныс-тойын тойлап жатқандарын теледидар арқылы көріп, қуаныштарына ортақтасып жүрдік. Сол қуаныш бізге де келіп жетті. Биылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс басшысы Ерік Сұлтанов өз қолымен екі бөлмелі пәтердің кілтін біздің отбасымызға табыс етті. Балалардың қуанышында шек жоқ. Олардың бақытты кейпін көрген менің де көңілім шаттанады. Мен туған ауылымнан көшіп кеткен он жыл бойы балаларымды өз шаңырағымның астында өсіруді армандайтын едім. Бұл арманым орындалды. Әлбетте, халқының жағдайын жасап отырған мемлекетімізге, оның басшысына ризашылығымыз зор. Ендігі кезекте мемлекеттің қамқорлығын сезінген мен де, балаларым да еліміздің абыройы үшін аянбай еңбек ететініне сенімдімін.

Кенжебай АЙСИН,

Петропавл қаласының тұрғыны.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp