Адам баласы өсіп-өркендейтін алтын ұя ол – отбасы. Ошақ қасында бақ пен береке, тыныштық болса, қоғамның діңгегі де берік болады.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастар арасында ажырасу кең етек алуда. Осыдан елу-алпыс жыл бұрын ажырасу сөзі жиі кездеспейтін. Көңілдері жарасып, шаңырақ көтерген ерлі-зайыпты арасында қандай қиындық туындаса да, ақылдаса отырып шешіп, отбасын сақтап қалуға тырысатын. Қазір заман өзгерді. Бүгінгі таңда ажырасу қалыпты жағдайға айналды. Түрлі себепті алға тартатын жастар бұл “дерттің” асқынып бара жатқанын түсінулері керек. Ең бастысы – отбасындағы татулықты сақтау ерлі-зайыптылардың өз қолында екенін жете ұғынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Үйленіп, отбасын құрған кейбір жастар ажырасу деген бір ғана сөздің өзі олардың өміріне қаншалықты қиындық әкелетінін түбегейлі түсінбейді. Міне, мәселенің мәнісі қайда жатыр. Отбасылық өмірге алғашқы қадам басталды ма, бұл жолда соқпақтар да кездесетінін ойлап және алдын ала соған дайын болулары керек. Мәселен, 2017 жылғы тоғыз ай ішінде қала бойынша 1700 неке қиылса, 777-сі ажырасқан. Бұл көңіл көншітерлік жайт емес.
Ажырасуға бел буған ерлі-зайыптылар өздерінің өмірін ғана емес, орталарында бала болса, алдымен соның болашағын ойлаулары керек. Үйден тыныштық кетіп, орнын жанжал басса, ата-ана арасындағы жағдай шиеленісе түседі. Бұл сөз жоқ, баланың мінез-құлқына, оның өміріне тікелей әсерін тигізеді.
Психолог мамандардың зерттеулеріне сүйенер болсақ, ажырасу кезінде бала өзін ешкімге керегі жоқ адамдай сезінеді. Яғни, ол өмір айдынында ескегі жоқ қайықтай бағыт-бағдарсыз беті ауған жаққа жүзе береді. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін ата-ана өзара түсіністік тауып, жағдай қандай болғанда да, отбасын сақтап қалуы керек.
“Бақыттың кілті – сыйластықта” деген сөз бекер айтылмаған. Ерлі-зайыпты бір-біріне демеу болып, тұрмыста кездесетін ауыртпалықты тең бөліп көтере білсе, отбасындағы татулық тамыры тереңдей түседі. Мейірімділік, қайырымдылық сияқты құнды қасиеттерді қанат еткен ата-ананың саясындағы бала да бақытты болып өседі. Өмірдің бар мәні де осында емес пе?! Сондықтан да түрлі себептерді алға тартып ажырасуға асығудың қажеттілігі жоқ. Керісінше, қолға қонған бақыт құсын аялап, оның жылуына жылынып, өмір сынақтарынан қол ұстаса бірге өтуге тырысқан жөн. Сонда ғана ұрыс-керістің ауылы алыстап, шаңырақта мамыражай өмір орнайды.
Баян АХМЕТОВА,
Петропавл қалалық әділет басқармасы
басшысының орынбасары.