«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҢЫРАҚ ОТЫ ӨШПЕСІН

Көпшілік сүйіп оқитын облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің отбасы мәселелеріне арналған “Шаңырақ” қосымшасында жарияланған “Кенже бала, үлкен үй” мақаласын оқып шығып, жанарыма жас алдым. Автор қазіргі қоғамымыздағы отбасы төңірегіндегі біраз мәселелерді көтеріп, шаңырақтың иесі болып қалатын кенже ұлдарға артылатын міндеттерді мысалдар арқылы жеткізіпті.

Мен – көпбалалы анамын. Тағдырдың маңдайыма жазғаны шығар, бірнеше жыл бұрын жұбайымнан қапыда айырылып қалдым. Перзенттерімнің жоғары білім алып, жұмысқа орналасуларына, өз қолдарының өз ауыздарына жетуіне шамам келгенше атсалыстым. Олар да берген тәрбиемнен, айтқан ақылымнан шықпады. Қыздарым тұрмыс құрып, ұлдарым үйлі болды. Бүгінде өзім Абылай есімді кенже баламның қолында тұрамын. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кешіп жатқан жайым бар.

Кенже баламды үйлендіріп, немере сүйгеніме де көп уақыт өте қойған жоқ. Келінім мен ұлыма бұл үйдің жолдасымның аманатындай қымбат екенін, оны сақтаудың, күтудің, ішін баланың күлкісіне, меймандардың ақ пейіліне толтырудың маңызын жиі айтып отырамын. Өйткені, алыс-жақындағы ағайын-туыс үлкен үй деп біздікіне тұрақтайды. Өзім үйде болмаған кезде жиын-тойларға, шақырыстарға балаларымды жіберемін.

Қуанышы мен қайғысы астасып, алма-кезек келетін мына өмірде сан жағдайлар болып жатады ғой. Қабырғаны қаусатқан қайғылыға сабыр айту, көңіл білдіру, тойға барып төбе көрсету – міндет. Соның бәрі Абылайым мен Гүлданамның мойнында. Қазақтың небір тамаша дәстүрлерінің уақыттың көшіне ілесе алмай, жаһанданудың аранына жұтылып бара жатқаны шындық. Солай болуы заңдылық та шығар. Әйтсе де, ұлттық тамырымызға біртабан жақындата түсетін әдет-ғұрпымызды көздің қарашығындай сақтағанға не жетсін?!

Қазақтың кенже бала ғұрпы – тамаша дәстүр. Оған артылатын жауапкершілік те орасан. Шаңырақтың шайқалмауына, ағайын-туыс арасына сызат түспеуіне көп жағдайда кенже бала жауапты. Шаңырақтың кенже келінін ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың адамдары қалтқысыз сыйлап, құрмет көрсетеді. Кенже келін де өз кезегінде сыйластыққа сызат түсермеуге тиіс. Кенже келіннің қолынан ет жақын ағайын-туысты былай қойғанда, көрші-қолаң, ауыл-аймақ дәм татады. Адамдардың арасындағы қарым-қатынасты, алыс-берісті реттеп, барлық іс-әрекетке ұйытқы болып отыратын да кенже келін.

Осы дәстүрдің көп жерлерде пышақпен кескендей сап тыйылуы көңілге қаяу түсіреді. Мақала авторы оның себептерін, қоғамға тигізіп отырған зардаптарын атап көрсеткен. Кенже бала дәстүрін ұрпағына үйретпеген аға буын, отбасы, қарашаңырақ сияқты қасиетті ұғымдардың мағынасын терең түсінбейтін ұрпақ көбейді. Бұл берекесі қашқан, ауызбіршілігі ортайған, бірін-бірі құрметтеуді білмейтін жас ерлі-зайыптылардың шоғырын қалыптастыруда. Ауылдардың да қираған үйінділерге айналуының бір себебі осында жатыр. Ата тәлімін бойға сіңірген, дәстүрден нәр алған ұл ешқашан мұндай әрекетке бармайды. Ұлт әдебиетінің алтын ғасырының бастауында тұрған жазушы Мұхтар Әуезовтің “Бесігіңді түзе” деген сөзі бар. Өз басым осы сөздің баламасы ретінде “ұрпағыңды түзе” деген ұғымды қолданамын. Ұрпақтың тәрбиелі, білімді, ұлтын сыйлайтын, елін сүйетін азамат болып өсуі үшін қоғамымыздан қалыс қалып бара жатқан кенже ұл сияқты тағылымды дәстүрлерді қайта жаңғыртудың маңызы зор. Отбасы институтындағы осы тамаша дәстүрді жалғау көп жағдайда біздің, аға буын өкілдерінің міндеті екенін ұмытпайық.

Бейнегүл МҰРСАЛИМОВА,

зейнеткер.

Мамлют ауданы,

Бостандық ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp