
Облыстық полиция департаментінде отбасылық спорттық іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұрын эстафета жазда спортзалда өткізілетін. Осы жолы Борки кентіндегі шаңғы жолында өткен шара «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 95 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Жарысқа үш адамнан құрылған 21 отбасылық команда қатысты. Бірінші болып жарыс жолына шыққан балалар 500 метрді бағындырды. Одан кейін олардың аналары аяқтарына шаңғы байлап, бір километр қашықтықты бағындырды. Эстафетаны шаңырақ иелері іліп әкетіп, екі шақырым қашықтықта өзара мықтыны анықтады.
Мәреге бірінші болып Бағыт отбасы жетті. Ерлі-зайыптылардың екеуі де майор шеніндегі полиция қызметкерлері. Отағасы “Демеу” оқу-жаттығу взводында, отанасы Жұлдыз процессингтік орталықта қызмет атқарады. 7-сыныпта оқитын Тамила да спортпен шұғылданғанды жақсы көреді. «Маған спорттық жарыстарға қатысқан өте ұнайды. Әкеміз бен анамыздың жұмысында осындай жарыс ұйымдастырылады дегенді естігенде қатты қуандым”, – дейді Тамила. Облыстық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері Саят Әбілқайыровтың отбасы екінші орынды иеленді. Үшін орын Қызылжар аудандық полиция бөлімі мен криминалдық полиция басқармаларының намысын қорғаған Әубәкіровтер отбасына бұйырды.
Полиция қатарында қызмет атқаратын ерлі-зайыптылар көп. Сондықтан ерекше көзге түскен жұптар да сыйлықсыз қалмады. Жергілікті полиция қызметі басқармасы мен ақпараттандыру және байланыс басқармасында қызмет атқарып жүрген Сергей мен Ольга Земскийлер 14 жастағы қыздары Каринамен бірге «Полицейлер отбасы» аталымында көзге түсті. Айыртау аудандық полиция бөлімінің қызметкері Данияр Таңсықбаевтың отбасы «Жеңіске деген ұмтылысы үшін» аталымында марапатқа ие болды. Жарыстың ең жас қатысушысы – Мағжан Жұмабаев ауданының учаскелік полиция инспекторының ұлы – 8 жастағы Расул Жуманов та ұйымдастырушылардың қолынан сыйлық алды. Жарыстың кішкентай қатысушыларының барлығына естелік сыйлықтар мен грамоталар бұйырды.