«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҢҒЫ СПОРТЫ ШАТҚАЯҚТАП ТҰР

Өткенде “Kazsport” телеарнасынан үстіміздегі жылы Риддер қаласында ерлер арасында шаңғы жарысынан өткен ел біріншілігінің қорытындысы туралы ақпарат берілді. Құлағымды түріп тыңдасам, біздің өңірдің спортшылары жүлде алмақ түгіл, үздік ондыққа да ене алмапты. 50 шақырымды классикалық әдіспен бағындырған солтүстікқазақстандық Игорь Хмельницкий 13 қарсыластың арасында тек 12-ші болды.

Бұл қалай болғаны сонда? Алты ай қысы бар, қысқы спорт түрлері барынша насихатталып жатқан солтүстік өңірдің өкілдері жүлде иеленбесе де, үздік бестіктен көріне алмады дегенге сену қиын. Біле білсек, жыл басынан бері шаңғы спортынан 4 республикалық сайыс өтсе, бұл жарыстарда сынға түскен жерлестеріміздің көрсеткен жетістіктері көңіл көншітпейді. Атап атқанда, Павлодарда жасөспірімдер арасында шаңғы жарысынан өткен ел біріншілігінде 11 команданың ішінде 11-ші болдық. Қостанайда спорт мектептері тәрбиеленушілері арасында өткен ел біріншілігінде үздіктер қатарынан көріне алмадық. Тек Щучинск қаласындағы жастар біріншілігінде 86 ұпайға қол жеткізген Игорь Хмельницкий мен Ринат Мухиннің жұбы жеңімпаз атанса, Денис Чуманов пен Сергей Щербаковтың жұбы 52 ұпаймен 6-орыннан көрінген.

Мәселенің мәнісін білмек ниетпен Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттың шаңғы спорты бойынша жаттықтырушысы Андрей Жировпен хабарластық.

– Өкінішке қарай, өңіріміздегі қысқы спорт түрлерінің кенже қалып келе жатқаны жасырын емес. Балалар қысқыға қарағанда жазғы спорт түрлеріне бейім тұрады. Коньки, биатлон сынды дәстүрлi спорт қайтадан қарқын алып келеді. Бұлар бiздiң өңірде бұрыннан жақсы дамыған спорт түрлерi. Олимпиада чемпиондары шықпағанымен, үздіктеріміз бар. Осы орайда Игорь Хмельницкий мен Ринат Мусинді шаңғы спортының болашақ жұлдыздары деп айтар едім. Жас спортшылардың үлкен жеңістері әлі алда. Риддер қаласындағы ел біріншілігінде Игорьдің үздік үштіктің арасынан көрінбеуі ешқандай таңданыс тудырмайды. Себебі, 1994 жылғы жас өрен ересектер тобында сынға түсті. Өзінен әлдеқайда үлкендерге бәсекелестік таныту оңайға соқпайтыны белгілі. Ал жасөспірімдер санатында балғын спортшы топ жарып жүр, – деді Андрей Михайлович.

Аталмыш салада отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан маманның айтуынша, бар үміт жастарға артылып отыр. Петропавлдық Ринат Мусин 2013 жылы Риддерде жасөспірімдер арасында шаңғы жарысынан өткен ел біріншілігінде 15 шақырымдық қашықтықта бірінші келіп, спорт шебері нормативін орындаған. Ал Анастасия Хмельницкая 2014 жылы Павлодар қаласында шаңғы жарысынан өткен ел біріншілігінде бір күміс пен екі қола медаль олжалады. Сондай-ақ, ол 1100 метрлік спринтте – екінші, ал 3 шақырымға жүгіруде үшінші болған. Нәтижесі жаман емес.

– Біз балалар арасында насихат жұмыстарын жүргізіп, шалғайдағы ауылдарға дейін шығып, дарынды жастарды іздейміз. Қолдан келген көмегімізді жасаймыз. Десе де, шаңғы спортын қолжетімді спорт түріне жатқыза алмаймыз. Мол қаражатты қажет етеді. Жарыстарда жүлделі орыннан көрінуді мақсат қылсаң, спорттық жарақтарың жоғары сапалы болуы қажет. Мысалы, бір жұп сапалы шаңғының бағасы 120 мың теңге шамасында болса, аяқкиімің 50-55 мың теңге тұрады. Бұған қосымша ұсақ-түйек шығындарды қоса беріңіз, – деді ол.

Иә, жеңіліссіз жеңіс болмайды. Бәлкім, үстіміздегі жылғы сәтсіздіктер ертеңгі үлкен жеңістерге жасалынған алғашқы қадамдар да болуы мүмкін. Тек сәтсіздіктің өзінен сабақ ала білуді үйренсек болғаны.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp