Облыс орталығында «Үйде болыңыз» атты республикалық флешмоб аясында «Жедел жәрдем» көліктерінің шеруі өтті.
Сақтық шараларын сақтап, адамдарды өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақыру мақсатында тұрғындардың назарын аударған «Жедел жәрдем» көліктері Жамбыл Жабаев, Жуков, Нұрсұлтан Назарбаев, Кәрім Сүтішев көшелерімен жүріп өтті. Шұғыл медициналық көмек көрсететін қызметтік көліктердің дабылын естіген қала тұрғындары аң-таң болғаны рас. Алайда, қауіпті індет кезінде тұрғындарды осылайша сақтануға шақырған дәрігерлердің жанкешті еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Әлемді жаулаған жұқпалы індетпен күресіп жатқан ақхалаттылар күн-түн демей, өз міндеттерін абыроймен атқаруда.
– Күн сайын әр бригада шамамен 15-20 шақырту алады. Қазіргі таңда бізге қоңырау шалатындардың саны артты. Сондықтан медициналық қызметкерлердің жұмыс жүктемесі көбейді, – деді облыстық жедел медициналық көмек орталығы бас дәрігерінің орынбасары Карина Грауверг. Оның айтуынша, аталмыш орталыққа күніне жүздеген қоңырау түседі. Ал мұндай «Жедел жәрдем» көліктерінің шеруі шаһарда алғаш рет өткенін айтқан жөн.