Облыс орталығының басшысы Болат Жұмабеков Петропавл құрылыс экономикалық колледжінде Борки, Новопавловка, Солнечный, Кірпіш кенттері, Жәлел Қизатов – Жуков – Ғабит Мүсірепов көшелерінің шекараларындағы және Ғабит Мүсірепов – Нұрсұлтан Назарбаев – Абай – Мұхтар Әуезов көшелері аралығындағы үйлер тұрғындарының мәселелерін тыңдап, нақты жауаптар берді.
Болат Серікұлы жиналғандарды бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, өткен жылғы кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулерді іске асыру жөніндегі іс шаралар жоспарының орындалу қорытындысы жайлы баяндады. Өткен жылдың басты оқиғасы – “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының құрылуы. Бұл, ең алдымен, қаланың инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септесетіні сөзсіз. Негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі былтыр 77, 5 млрд. теңгені құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 10 млрд. теңгеге артық екенін де айта кеткен жөн.
Баспана мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Өткен жылдың соңында халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына жататын азаматтарға, соның ішінде отыз көпбалалы отбасыға, жетім балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жүз пәтердің кілті табысталғаны белгілі. Сонымен қатар “7-20-25” бағдарламасы аясында 4,4 млрд. теңгеге 400-ден астам пәтер сатылып, “Бақытты отбасы” бағдарламасының арқасында 91 отбасының баспана мәселесі шешімін тапқан.
Қала әкімі өткен жылғы есептік кездесу барысында айтылған 354 өтініштің барлығы орындалғанын тілге тиек етті. Былтыр облыс орталығын абаттандыру, жолдарды жөндеу, көшелер мен тұрғын үй аулаларын жарықтандыру, қоғамдық көлік жұмысы, тұрғын үйлерді жөндеу, оларды сумен, жылумен қамтамасыз ету мәселелері жиі көтерілген.
“Жазда барлық бағыттармен жүріп көріп, жағдаймен таныстым. Автобустарды тексеру үшін алғаш рет арнайы лицензиясы бар компанияны тартпақпыз. Ақпан айында келісім жасалса, бірқатар мәселелердің түйіні тарқайтынына сенімдіміз”, – деді Болат Жұмабеков. Өткен жылы тасымалдаушылар тоғыз жаңа қоғамдық көлік сатып алды. Ал биыл техника алуға 750 млн. теңге қарастырылып отыр.
Қала әкіміне сұрақ қойып, өтініш-тілегін жеткізем деген тұрғындар кезекке тұрды. Бюджет қаржысы аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, тағы басқа жұмыстарға жұмсалатыны белгілі. Облыс орталығындағы жолдардың жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Өткен жылы оны қайта жөндеу үшін 1 млрд. 300 мың теңге қаржы бөлінген. Қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінгенімен, әлі күнге дейін мердігерлер жұмысының сапасына көңіл толмаушылық бар. Петропавл қаласының тұрғыны Асқар Оразалин жолдарды сапасыз жөндейтін мердігерлерді ауыстыру қажет деген пікір білдірді. Өйткені, жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан жолдарды жөндейтіндер бар. Осыдан кейін қыруар қаржыға орындалған жұмыс неге сапасыз деген сұрақ туындайды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тендерге жауапкершілігі мол мердігерлерді қатыстыру керек. Қала әкімі бұл жайлы барлық ақпарат мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланғанын, тендерге қатысуға ешкімге шектеу қойылмайтынын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 286 үй тұрғындары қоршау орнатып беруді өтінсе, Солнечный шағынауданынан келгендер №27 бағыттағы автобус өтетін Сосновая, Прибрежная және тағы үш көшенің 3-4 шақырым жолына асфальт төсеуді сұрады.
Есептік кездесуде аулаларды абаттандыру, балаларға арналған ойын алаңдарын салу, апаттық жағдайдағы ағаштарды кесу, қар тазалау сияқты мәселелер көтерілді. Болат Серікұлы өтініштердің барлығы ескеріліп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.